Қуатты бастауыш ұйым: түркістан облысы архив ісінің құрылғанына – 100 жыл!

Қуатты бастауыш ұйым: түркістан облысы архив ісінің құрылғанына – 100 жыл!

01.09.2026 Off By Администрация сайта

«Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпы кәсіподақтық науқаны аясындағы айдың тақырыбы – «Еңбек болашағы бүгіннен басталады». Бұл бағыт еңбекті бағалау, еңбек адамының мәртебесін арттыру, жас мамандарды қолдау және олардың кәсіби дамуына жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударуды көздейді.
Осы бағытта «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің Салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалына қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының атқарып отырған жұмысы маңызды.


Солардың бірі – Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының «Түркістан облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі бастауыш кәсіподақ ұйымы.
Биыл Түркістан облысы архив ісінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Ғасырлық тарихы бар архив – елдің өткені мен бүгінін жалғайтын, ұлттың тарихи жадын сақтайтын аса маңызды мекеме. Бір ғасыр бойы мұнда өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өміріне қатысты құнды құжаттар жинақталып, сақталып келеді.
Алайда архивтің құндылығы тек оның сөрелеріндегі тарихи құжаттармен өлшенбейді. Оның артында сол құжаттарды сақтап, жүйелеп, зерттеп, халыққа қажетті ақпаратты ұсынатын еңбек адамдарының кәсіби қызметі тұр.
Архив қызметкері – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық иесі. Әрбір құжатқа ұқыптылықпен қарап, оның сақталуын қамтамасыз ету, қорларды толықтыру, құжаттарды ғылыми сипаттау, азаматтардың сұраныстарына жауап беру және архив материалдарын цифрландыру – күнделікті еңбектің маңызды бөлігі.
Бүгінгі таңда архив саласы да заман талабына сай жаңарып келеді. Цифрландыру үдерісі мамандардан жаңа білім мен дағдыларды меңгеруді, заманауи технологияларды тиімді пайдалануды талап етеді. Демек, еңбек болашағы бүгінгі маманның білімі мен кәсіби дамуына тікелей байланысты.
Осы ретте кәсіподақ ұйымының міндеті де айрықша. Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктердің сақталуына ықпал ету, еңбек жағдайын жақсарту, жас мамандарға қолдау көрсету және еңбек ұжымындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту – бастауыш кәсіподақ ұйымының негізгі бағыттарының бірі.
Қуатты бастауыш ұйым – әр қызметкердің мәселесін естіп, еңбек адамының жанынан табылатын ұйым. Оның басты күші – ұжым мүшелерінің бірлігі мен өзара қолдауында.
Түркістан облысы архив ісінің 100 жылдығы – өткенге тағзым етіп қана қоймай, болашаққа көз жүгіртетін маңызды белес. Ғасырлық тәжірибені жас ұрпаққа жеткізу, білікті мамандарды қалыптастыру, еңбек адамының кәсіби беделін арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеті.
Еңбек болашағы – бүгінгі еңбектен, бүгінгі қолдаудан және бүгінгі мүмкіндіктен басталады. Ал еңбек адамының жанындағы қуатты кәсіподақ – осы болашақтың сенімді тірегі.