Кәсіподақ мүшелерінің балалары «Ai-kerim» оқу-сауықтыру орталығында демалды
20.08.2026Балалардың жазғы демалыс уақытын ұтымды, қызықты, пайдалы етіп ұйымдастыру маңызды роль атқарады. Жазғы тынығу лагерлері демалыс орны ғана емес, онда балалардың лидерлік және ұйымдастырушылық, шығарашылық қабілеттерін оятып, еңбекке баулиды, әр түрлі үйірмелерге қатысу арқылы баланың бойындағы өнерін, әлде бір іске деген қабілетін аша түседі, сонымен бірге денсаулықтарын нығайтады.

«Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалы кәсіподақ мүшелерінің балаларының жазғы демалыс уақытын ұтымды, қызықты, пайдалы етіп өткізу мақсатында Қызылорда қаласында орналасқан, жаңадан ашылған «Ai-Kerim» оқу-сауықтыру орталығында 50 пайыз жеңілдікпен 10 күнге демалыс ұйымдастырды.
«Ai-Kerim» лагерінде балалар сурет, биология, 3D, экоАрт, теннис, футбол, баскетбол, волейбол, би т.б. түрлі үйірмелерге, «Ai-Kerim шақырады» танысу кеші, «Welcome party» әуенді таныстыру, «Ai-Kerim дауысы» ән байқауы, «IQ TIME» интелектуалды сайыс, «Dance Battle» би байқауы, «Ай-Керім үздігі» кешіне, «Кино әлеміне саяхат», «Су патшасы», «Қазына тап» т.б. көңілді ойындарға, спорттық жарыстарға қатысты. Аталған жарыстардан жеңімпаз болған кәсіподақ мүшелері балаларының тобы «Ең үздік топ» номинациясына ие болды. Ал Серікбай Бекжан үздік өнер көрсетіп, белсенді болғаны үшін «Ай-Керім үздігі» атанды. Сонымен қатар балалар «Үздік оқушы» грамота, алғыс хаттармен марапатталып, жүздерінде күлкі, көңілдері шат, мәз-мейрам болды.
Сондай-ақ орталықта кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында «Кітаппен сырлас, ақынмен үндес» атты тағылымды әдеби-шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Кеш қонағы жергілікті айтыскер ақын Мұхтар Мәуленұлы Ниязов болды. Ақын М.Ниязов өзінің балалық шағынан естеліктерімен бөлісіп, кітап оқудың адам өміріндегі маңызына тоқталып, кітаппен дос болудың өз өміріне әкелген өзгерістері туралы әсерлі ойларын ортаға салды. Жас оқырмандарды ізденуге, білімге ұмтылуға және кітапты серік етуге шақырды. Кеш барысында балалар өздерінің жүрекжарды өлеңдерін оқып, өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар ұлы ойшыл, дана ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай Абайдың сырлы өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.

«Ай-Керім» орталығында демалған балалар әр күнін қызықты өткізіп, жаңа достар тауып, жақсы әсермен қайтты. Шараларға белсене қатысқан олар интернет, телефонсыз 10 күндерінің қалай тез өтіп кеткенін байқамай, достарымен қимай қоштасты. Барлығы 36 бала демалды.








