Ана – тіршіліктің шуағы, қоғамның тірегі!
12.05.2026Қазақстанда Аналар күні мерекесі отбасы құндылықтарын нығайту, ана мәртебесін арттыру және қоғамдағы аналардың рөлін дәріптеу мақсатында мерекелік күндер тізбесіне енгізілді. Бүгінде елімізде Аналар күні жыл сайын мамыр айының екінші жексенбісінде аталып өтеді. 2024 жылдан бастап бұл мереке Қазақстанда ресми түрде кең көлемде атап өтіле бастады.

Аналар күні — әлемнің көптеген мемлекеттерінде аналарды ардақтап, олардың мейірімі мен тәрбиесіне алғыс білдіретін тағылымы терең мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет» деп атап өткен болатын.
Шын мәнінде, ана — отбасының ғана емес, тұтас қоғамның алтын діңгегі. Ұлттың тәрбиесі мен рухани болмысы ең алдымен ана тәлімі арқылы қалыптасады.

Осы орайда Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған «Анаға тағзым» атты мерекелік іс-шара — анаға деген құрмет пен ізеттің, ұлттық құндылықтар мен отбасы тәрбиесінің жарқын көрінісі болды.
Тағылымы мол шараға «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының өкілі Нұршекенов Жомарт Кәдірбайұлы қатысып, облыстық филиал төрағасы Мухтарита Мұханбетқалиқызы Сағындықованың ыстық ықыласы мен ақжарма лебізін жеткізді.

Айта кету керек, «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Мухтарита Мұханбетқалиқызы Сағындықова — Ақтөбе облысы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде өңірдегі отбасы институтын нығайту, аналардың қоғамдағы мәртебесін көтеру, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстарға белсенді атсалысып келеді.
Іс-шара барысында аналардың қоғамдағы орны, ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі, ұлттық тәрбиені ұлықтаудағы маңызы кеңінен насихатталды. Ақ жаулықты аналарға ерекше құрмет көрсетіліп, жүрекжарды алғыстар мен ізгі тілектер айтылды.
Мерекелік кештің сәнін арттырған кимешек киген ардақты аналардың парасаты мен аналық мейірімі шараға ерекше рухани жылулық сыйлады. Бұл — ұлттың тәрбиесі мен тағылымы ең алдымен ана әлдиінен басталатынын айшықтай түскен әсерлі кездесу болды.
«Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалы қай уақытта да еңбек адамының ғана емес, отбасы құндылықтарының, рухани бірліктің, аналарға деген құрметтің нығаюына бағытталған игі бастамаларды қолдап келеді. Себебі берекелі қоғам мен саналы ұрпақ — тәрбиелі отбасы мен ардақты ананың тәлімі арқылы қалыптасады.
Анаға құрмет — ұлтқа құрмет!
Анаға тағзым — адамдықтың асыл белгісі!

