«Қызмет» салалық кәсіподағының филиалдары есеп беруді бастады
15.01.2026Шымкентте «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының Атқару Комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырысқа Атқару Комитетінің мүшелері, мүшелік ұйымдардың кәсіподақ төрағалары мен белсенділері және «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев қатысты.


Жиынды филиал төрағасы Серік Әуесханов басқарып, жүргізіп отырды.
Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Ілімшеұлы алғы сөз сөйлеп, салалық кәсіподақ филиалының қысқа уақыт ішінде тез дамып, ең абыройлы кәсіподаққа айналғанын, атап айтқанда мүшелік ұйымдарының саны 65-ке, олардағы кәсіподақ мүшелерінің саны 5500-ге жетіп, ал жаңа 2026 жылдың жаңа жұмыс аптасы басталысымен тағы да қосымша мүшелік ұйымдарды қосып, кәсіподақ мүшелерінің саны одан арта түскенін, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, әлеуметтік жағдайларын жақсарту, демалуларын және шипажайларда емалуларын ұйымдастыру, спорттық және мәдени-көпшілік шараларын өткізу, тағы басқа жұмыстары жүйелі және үлгілі жолға қойылғанын, республикадағы ең маңдай алды үздік филиалға айналғанын ерекше атап өтті.


Кеңейтілген отырыстың негізгі бөлігінде күн тәртібіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысымен атқарылған жұмыстар туралы филиалдың төрағасы Серік Елемесұлының есепті баяндамасын және мүшелік ұйымдардан кәсіподақ жарналарының филиалға түсуі мен ол қаржылардың мақсатты жұмсалуы бойынша Шымкент қаласының қаржы басқармасы басшысының орынбасары, тексеру комиссиясының төрағасы Ержан Бакировтың есепті баяндамасын тыңдап, кәсіподақ активі атқарылған жұмыстардағы жетістіктерді жоғары бағалап, түскен қаржылардың мақсатты бағыттарға орынды және үнемді пайдаланғаны, бастауыш ұйымдардың үлесіне мейлінше қомақты қаржы бөліп, ерекше көңіл бөлінгеніне ризашылықтарын білдіріп, атқарылған қарқынды жұмыстарына жақсы деген баға беріп, әділ еңбектің арқасында кәсіподақ мүшелерінің сенімін ақтап отырған филиал жұмыстарына сәттіліктер тілеп, алдағы жылдың жұмыс жоспарын талқылап, ұтымды ұсыныстарды енгізе отырып, 2026 жылдың жұмыс жоспарын бекітті.


Жиын қорытындысында белсенді кәсіподақ мүшелерінен абыройлы кәсіподақ көшбасшыларына айналған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына, Еңбек Адамының мүддесін қорғау мен кәсіподақ қозғалысын дамытудағы сіңірген еңбектері үшін, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының және «Қызмет» салалық кәсіподағының наградалары табысталды.
Атап айтқанда:
- Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Алғыс хатымен» және «Қызмет» салалық кәсіподағының «Кәсіподақ қайраткері» медалімен Бердібекова Гүлсина Рахымбайқызы;
- Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтардағы белсенді жұмысы үшін» медалімен Келімбетов Асылан Жұмабайұлы;
- «Қызмет» салалық кәсіподағының «Мемлекеттік қызметінің үздігі» медалімен Шабиддинов Мырзахан Шерханұлы;
- «Қызмет» салалық кәсіподағының «Алғыс хатымен» Байтулешова Камиля Ералықызы;
- «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының «Еңбек озаты» төсбелгісімен Әлішері Бақдаулет Табысұлы марапатталды.
Атқарылған жұмыстарға көңілдері толған кәсіподақ активі – кәсіподаққа деген сенімдері артып, алдағы атқарылатын игі шараларға белсенді қатысуға адал ниеттерін білдіріп, істеріне сәттілік тілеп, алға жетелеген үлкен үмітпен тарасты.



