Алматыда бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасымен халықаралық «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» науқаны аясында «Алматы зорлық-зомбылыққа қарсы!» акциясы өтті
04.12.2025Алматы қаласында «Алматы зорлық-зомбылыққа қарсы!» атты қоғамдық акция ұйымдастырылды. Шараны Алматы қаласы Отбасыны қолдау орталығы мен қала әкімі жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия бірлесіп өткізді.
Бұл акция жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін халықаралық «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» науқанының бір бөлігі болып табылады. Науқанның мақсаты — зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету, қоғамның назарын осы мәселеге аудару және әртүрлі зорлық формаларының алдын алу.
Акцияға Отбасыны қолдау орталығының қызметкерлері, студенттер және қала тұрғындары қатысып, агрессия мен қатігездіктің кез келген түріне төзбеушілікті білдірді. Қатысушылар қоғамның бірлігі мен ынтымақтастығы зорлық-зомбылықпен күресте маңызды екенін, сондай-ақ әр отбасы үшін қауіпсіз орта қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Іс-шараның ашылуында Алматы қаласы Отбасыны қолдау орталығы директорының міндетін атқарушы Ақмолжан Зарипов құттықтау сөз сөйледі. Одан кейін сөз қала әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Жандай Сана Шайхановнаға берілді.
Акция барысында студенттер арнайы дайындаған мазмұнды көріністерімен жәбірленушілерге қолдау көрсетуді, зорлық-зомбылықтың алдын алуды және қоғамда құрмет пен өзара көмектесу мәдениетін қалыптастыруды насихаттады.
Акцияны қорыта келе, бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелері әрбір отбасы бейбітшілікке, қауіпсіздікке және сүйіспеншілікке лайық екенін атап өтті. Қатысушылар тек қоғамның бірлескен әрекеті арқылы ғана жағдайды өзгертуге және қиын жағдайда қалған адамдарға нақты көмек көрсетуге болатынына сенім білдірді. Іс-шара жалпы естелік суретке түсумен аяқталды.

