30 жыл ерлік жолында: Алматыда Төтенше жағдайлар министрлігінің мерейтойы мен Құтқарушылар күні атап өтілді
20.10.2025Алматыда Республикалық жедел-құтқару жасағында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына және Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға жасақ басшылығы мен жеке құрамы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ «Қызмет» салалық кәсіподағының Алматы қаласы бойынша филиал төрайымы Данагүл Айнақұлова қатысты.
Салтанатты жиынды Республикалық жедел-құтқару жасағының басшысы Владимир Цой ашты. Өзінің құттықтау сөзінде ол құтқарушылардың қоғам алдындағы миссиясының маңыздылығын, олардың кәсіби біліктілігі мен ерлікке толы еңбегін атап өтті. Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына байланысты бірқатар қызметкерлер адал еңбегі мен азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін мерейтойлық медальдармен марапатталды. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрінің атынан үздік қызметкерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Өз кезегінде «Қызмет» салалық кәсіподағының Алматы қаласы бойынша төрайымы Данагүл Айнақұлова құттықтау сөз сөйлеп, азаматтық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне өз ісіне адалдығы, батылдығы және ең қиын сәттерде көмекке келетін құтқарушыларға шынайы алғысын білдірді. Сонымен қатар, өз сөзінде жасақ ұжымының барлығы кәсіподақтың белсенді мүшесі екенін және азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын арттыру мен кәсіби бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосып жүргенін атап өтті.

Салтанатты шара барысында Данагүл Айнақұлова кәсіподақ атынан үздік қызметкерлерге марапаттар табыс етті. Атап айтқанда, қызметтік міндеттерін адал орындағаны және кәсібилігі үшін бас құтқарушы – сүңгуір-құтқару бөлімшесінің маманы Бейсенғали Дүсебаев пен кинологиялық бөлімшенің маманы Любовь Ефремова «Өз ісінің маманы» медалімен марапатталды. Ал Құрмет грамоталары Адилхан Балтабайға, Ғани Амантайға және Тахиржан Искаковқа табысталды.

Мерекелік шара құтқарушылардың ерлігі мен жанқиярлығына арналған әсерлі фильм көрсетілімімен және «Қызмет» кәсіподағы филиалы ұйымдастырған концерттік бағдарламамен ұласты. Өнерпаздар, әншілер мен шоу-балет ұжымының жарқын өнері көрермендерге қуаныш пен мақтаныш сезімін сыйлап, жүректерінде жылы әсер қалдырды.


