Алматыда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар басталды
16.10.202515 қазан күні Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. «Аяла» әлеуметтік қызметтер орталығы ұжымына арналған мерекелік шара Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжінің қабырғасында ұйымдастырылды. Оқу орны әкімшілігінің қолдауы мен студенттердің белсенді қатысуының арқасында іс-шараны кең әрі мерекелік форматта өткізу мүмкіндігі туды.
Іс-шара барысында әлеуметтік қолдау жүйесінің дамуына және мұқтаж жандарға көмек көрсету ісіне елеулі үлес қосқан қызметкерлерге құрмет көрсетілді.
Қатысушыларды, «Қызмет» салалық кәсіподағының Алматы қалалық филиалының басшысы Данагүл Айнақұлова құттықтай отырып, әлеуметтік сала қызметкерлеріне ерен еңбегі, ізгілігі мен мамандығына деген адалдығы үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, ол кәсіподақ тарапынан еңбек құқықтарын қорғау мен еңбек жағдайларын жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Салтанатты рәсім барысында белсенді қызметкерлер мен кәсіподақ мүшелеріне марапаттар, құрмет грамоталары және алғыс хаттар, сыйлықтар табыс етілді. Осылайша, 15 жылдан астам еңбек өтілі бар әлеуметтік қызметкер Лаура Богданқызы Шакирова «Қызмет» салалық кәсіподағының «Әлеуметтік саланың үздігі» медалін иеленді. Сондай-ақ, орталықтың үздік қызметкерлері Байбек Гүлжамал мен Дүйсебекова Назымгүл Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Мерекенің ерекше көңіл-күйін қызмет алушылардың және шығармашылық ұжымдар дайындаған концерттік бағдарлама толықтырды. Ыстық ықыласпен орындалған әндер мен би нөмірлері әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған шынайы лебізі, әрі олардың қажырлы да игі еңбегіне деген құрмет пен ризашылықтың белгісі болды.
Жалпы, іс-шара әлеуметтік сала қызметкерлері мамандығының беделін арттыруға, ұжымдық рухты нығайтуға және әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталды.



