Мерекелік салтанатты жиын өтті
14.10.202510 қазан – Кәсіподақтар күні және Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы мен ҚР Кәсіподақтар Федерациясының 35 жылдығына орай «Тарихқа – тағзым, Бүгінге – өзгеріс, Болашаққа – сенім» атты салтанатты жиын өтті. Салтанатты шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Данияр Жаналинов, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, салалық кәсіподақтар төрағалары, әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ ардагерлері мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Кәсіподақ қозғалысының мерейтойына орай Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің құттықтау сөзі бейнежазба арқылы ұсынылды. Ол өз сөзінде кәсіподақ қозғалысының тарихи маңызына тоқталып, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтардың рөлін атап өтті.
Жиынның ашылуында Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы мерекемен құттықтап, өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының ел дамуындағы үлесіне тоқталды және кәсіподақтың белсенді мүшелерін облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.

Құттықтау сөз алған облыстық кәсіподақтардың ардагер кеңесінің төрағасы Серік Мырзаханов аймақтағы кәсіподақтар жүйесінің даму тарихынан сөз қозғап, еңбек адамының мүддесіне және қоғамға қызмет етудің мәнділігі туралы айтып, кәсіподақ ардагерлері мен белсенділеріне ізгі тілегін білдірді.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Ыбрайханұлы барша шараға қатысушыларды мерекемен құттықтап, кәсіподақтар қозғалысындағы белсенді еңбектері үшін кәсіподақ ардагерлері мен белсенділеріне Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен Салалық кәсіподақтар бірлестіктерінің марапаттарын табыстады. Оның ішінде «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының кәсіподақ белсенділері де марапатталды.

Атап өтсек, «Қызмет» салалық кәсіподақтың «Өз ісінің маманы» медалімен «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төраға орынбасары, заңгері Кеңес Махамбетов, «Мемлекеттік мекемелер кәсіподағының үздігі» төсбелгісімен Қызылорда қаласының экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Гүлнұр Байжанова, ҚР Кәсіподақтар Федерациясының құрмет грамотасымен Қызылорда қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы Ботагоз Идирисова, алғыс хатымен Қызылорда облысының экономика және қаржы басқармасының бас маманы Күлайра Қынатова және Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Зауре Альбаева, облыс әкімінің алғыс хатымен Қызылорда облысының Полиция департаменті емханасының Санитарлық эпидемиологиялық станциясының бактериологиялық лаборанты Айгерім Жаппасбаева марапатталды.






