28 сәуір – дүниежүзілік еңбекті қорғау күні

28 сәуір – дүниежүзілік еңбекті қорғау күні

02.05.2024 Off By Администрация сайта

29 сәуір күні  Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде «Еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды ұйымдастыру: Жұмыс орындарының қауіпсіздік талаптары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиын Халықаралық Еңбек Ұйымы бастамасымен 28 сәуірде аталып өтетін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай, өндірісте қаза тапқан және жарақаттанған, кәсіптік аурулардан зардап шеккендерді еске алу мақсатындағы шаралар шеңберінде ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге облыстық бақылау жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Талант Ерманов, әлеуметтік әріптестер, облыстағы ірі-орта кәсіпорын өкілдері, облыстық салалық кәсіподақ төрағалары мен кәсіподақ белсенділері қатысты. Дөңгелек үстел отырысы модераторы, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев 2024 жылда 28 сәуір Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің «Климаттың өзгеруінің еңбек қауіпсіздігі мен еңбек гигиенасына әсері» тақырыбында аталып өтуде екендігін айта келе, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы және осы тұрғыда мемлекеттік және қоғамдық бақылауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Қызылорда облыстық бақылау жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Талант Ерманов жиында облыс аумағындағы кәсіпорындар мен мекемелерде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жайы туралы баяндады. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов өз хабарламасында кәсіподақтармен еңбекті қорғау бойынша жүргізілетін қоғамдық бақылаудың барысы, өндірістік кеңес пен техникалық инспекторлар жұмысы туралы айтты. Дөңгелек үстелдің қорытындысымен Әлеуметтік әріптестіктің 2024-2026 жылдарға арналған Облыстық келісімінің еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бөліміне бірқатар ұсыныстар енгізілетіндігі пысықталды.

Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымы бар ұйымдардағы құрылған өндірістік кеңестер мен техникалық инспекторлардың қоғамдық жұмысында оң тәжірибелі, үлгілі ұйымдарды атап өтіліп, бірқатар кәсіподақ белсенділеріне атаулы күнге орай аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің марапаттары табысталды.

Марапатталушының бірі «Қызмет» салалық кәсіподағының мүшесі, Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығының метериалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің технигі Нұрымов Нұрлан Дүйсенұлы Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығының құрмет грамотасымен марапатталып, облыстық салалық кәсіподақтың сыйлығы берілді.