Шиеліде семинар оқу өтті

Шиеліде семинар оқу өтті

18.04.2024 Off By Администрация сайта

2024 жылдың 17 сәуір күні Қызылорда облысы, Шиелі ауданының орталығы Шиелі кентінде кәсіподақ белсенділері арасында семинар оқу өтті. Семинарға «Қызмет» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәуле Тұрсынбаева, төраға орынбасары Кеңес Махамбетов, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ағыбай Төлегенов, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары, келісу комиссиясының мүшелері, барлығы 24 адам  қатысты.

Облыстық филиал төрайымы Сәуле Тұрсынбаева 2023 жылы атқарылған жұмыстармен, кәсіподақтың  алдағы уақыттағы  жұмыс жоспарымен таныстырып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына жұмыскерлерге тиімді де ұтымды ұжымдық шарт жасалуын және оның орындалуын бақылауды,  тұрмыс жағдайы төмен, көп балалы кәсіподақ мүшелерін қолдап, көмек көрсетілуін,  кәсіподақ мүшелері мен оның балаларын сауықтыру бойынша жұмыстарды белсенді атқарылуын  т.б. алға қойылған міндеттерді нақтылады.

Басқосуда «ҚР Еңбек кодексі. Жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау» тақырыбында оқу өткізілді. Облыстық филиал төрағасының орынбасары, білікті заңгер Кеңес Махамбетов оқуға қатысушыларға еңбек заңнамасындағы өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу негіздері,  бірлесіп жұмысқа орналастыру, өндірістік қажеттілік,  жұмыс уақыты және оның түрлері, жылжымалы жұмыс кестесі, үстеме жұмыстардың шекті саны,  еңбекке сағат бойынша ақы төлеу, бос тұрып қалуына байланысты жұмысқа қайта қосылу тәртібі, жұмыскерлерге жұмыс берушінің қаражаты есебінен еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеу  т.б. туралы слайд материалдарын көрсете отырып түсіндірді. Сондай-ақ жеке еңбек дауы, келісу комиссиясының жұмыс тәртібі, ұжымдық еңбек дауы мен татуластыру комиссиясы туралы да айтылды. Оқуға қатысушылардың сұрақтарына жауаптар  берілді.

Семинар соңында оқуға қатысушыларға сертификат табысталды. Сонымен қатар «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрмет грамотасымен Иіркөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлнар Қожаназарова,  Ақтоған ауылдық округі әкімі аппаратының  бас маманы Гүлбарам Жүзбаева,  Қоғалы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Базарбаев Зулхарнай,  Телікөл ауылдық округі әкімі аппаратының  есепшісі Примбетова Улдана және Облыстық салалық кәсіподақтың құрмет грамотасымен Алмалы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлжайна Нүрекева,  Сұлутөбе ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Жасулан Бегляров, Жиделіарық ауылдық округі әкімі аппаратының  бас маманы Дәурен Оспанов, Шиелі ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері  Ашимхан Бакиров марапатталды.