Шымкентте еңбеккер әйелдерінің 1-ші форумы делегаттарымен кездесу өтті

Шымкентте еңбеккер әйелдерінің 1-ші форумы делегаттарымен кездесу өтті

19.04.2024 Off By Администрация сайта

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен және Салалық кәсіподақтардың Шымкент қалалық филиалдарымен кәсіподақтар орталығында 2024 жылдың 12 сәуірінде Астана қаласында Қазақстанның еңбеккер әйелдерінің «Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер уақыты» атты I-ші Форумына Шымкент қаласынан қатысқан делегаттармен кездесу өткізді.
Олар: Рысбаева Шолпан, Ордабекова Жұлдызай, Саткеева Айгүл және Сүйіндікова Гүлнұр.

Оның ішінде, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының мүшелік ұйымы – Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Ордабекова Жұлдызай Сәрсенбайқызы форумның делегаты болып қатысты.
Кездесуге салалық кәсіподақтар филиалдарының және жергілікті кәсіподақтардың төрағалары, кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері қатысып, еркін форматтағы кездесу өтті.
Делегаттарымыз Форумда өткен іс-шаралардын маңыздылығын, әлемнің үздік үлгілеріне сүйене отырып, мемлекеттің гендерлік саясатын жетілдіру, қоғамдағы әйел рөлін арттыру, олардың әлеуетін дамыту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау және жұмыс орнында тиісті жағдай жасау мәселелері бойынша тиімді ұсыныстар талқыланғанын айтты.

Сонымен қатар жиын барысында делегаттар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Қазақстан Республикасындағы әйелдердің еңбек құқығы» социологиялық зерттеуінің нәтижесімен танысып, өндіріс орындарындағы еңбекші әйелдердің құқығын қорғау, ұжымдық келісімшарттарда әлеуметтік кепілдік беру, денсаулық сақтау, демалыс ұйымдастыру, оқу-ағарту және нәтижелі жұмыспен қамту туралы пікірлерін айтып, ойларын ортаға салды.
Жиын соңында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Б.Әлтеевтің басшылығымен Форумға қатысқан делегаттарға Салалық кәсіподақтар атынан марапаттар мен сыйлықтар табысталды.
Оның ішінде, «Қызмет» мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақтағы белсенді қызметі үшін Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Жұлдызай Сәрсенбайқызы Ордабекованы филиалдың «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапаттап, гүл шоқтарын табыстады.
Осылайша Форумға қатысқан делегаттар жақсы көңіл күймен тарасты.