Жыл басы кәсіподақ ұйымдарының көбеюіне ұласты

Жыл басы кәсіподақ ұйымдарының көбеюіне ұласты

15.02.2023 Off By Администрация сайта

Сәрсенбінің сәтті күнін ырым етіп, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Елемесұлы Әуесханов «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының Шымкент қаласындағы филиалының қызметкерлерімен кездесіп, филиалдың директоры Уали Сағындықұлы Қыдыровтың қатысуымен ұжым мүшелерімен пысықтау жиыны өткізілі.

Бұған дейін еңбек ұжымында қаңтар айында өткізілген жалпы жиналыста еңбек қатынастары туралы мәселелер қаралып, ҚР Еңбек кодексі мен «Кәсіптік одақтар туралы» заңынан түсініктемелер беріліп, жұмыскерлердің құқын қорғау мақсатында мекемеден бастауыш кәсіподақ ұйымын ашу қажеттілігі және оның артықшылықтары жөнінде толық мағлұматтар берген болатын.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, мекемедегі ұжым мүшелерінің 72 адамы толығымен немесе 100 пайыз кәсіподақ мүшелігіне кіріп, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының құрамында болу туралы шешім қабылдаған.

Мекеменің жалпы жиналысында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болып, редактор Гүлжаухар Ахметқызы Ергешбаева және тексеру комиссиясының төрайымы болып, кадр жөніндегі инспекторы Мақпал Қосылбекқызы Ауесбекова сайланған.

Ағымдағы жылдың 15 ақпанында, яғни сәрсенбінің сәтті күнінде «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы С.Әуесхановтың, мекеменің жұмыс берушісі – «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамының Шымкент қаласындағы филиалының директоры У.Қыдыровтың және жұмыскерлер атынан бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Г.Ергешбаеваның арасында өзара қарым – қатынастар жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған келісім-шартқа, сондай-ақ мекеменің жұмыс берушісі мен кәсіподақ комитетінің арасындағы 2023–2027 жылдарға арналған әлеуметтік – еңбек қатынастары бойынша ұжымдық шартқа қол қойып, оны мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан тіркеуден өткізуге жолдаған.