Халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

20.07.2022 Off By Администрация сайта

«Қызмет» салалық кәсіподағының Төрағасы Мирболат Жақыпов пен оның орынбасары Атақозы Нұрланов Әзербайжанның сауда, қоғамдық тамақтану, кооперация, санаторий-курорттық мекемелер, туризм, спорт, қонақ үйлер, балық шаруашылығы және басқа да қызмет көрсету салалары қызметкерлері кәсіподақтарының федерациясы (бұдан әрі-Хидмят-Иш) ұйымдастырған халықаралық онлайн-кездесуге қатысты. Халықаралық кездесудің бастамашылары  – «Basisen» Банк және сақтандыру қызметкерлерінің Түркия Кәсіподақтар федерациясының өкілдері.Әзірбайжан Кәсіподақтар федерациясының (Хидмят-Иш) Вице-президенті Хайям Насибов кездесудің модераторы болды.

Сондай-ақ кездесуге Түркияның «Basisen» Банк және сақтандыру қызметкерлері Кәсіподақтары федерациясының бас қаржы хатшысы Джанан Чевикбаш, «Basisen» Банк және сақтандыру қызметкерлері Кәсіподақтары федерациясының халықаралық қатынастар жөніндегі маманы Мерал Эрдоган, Өзбекстанның кәсіпкерлік, бизнес және қызмет көрсету салалары қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ұлықбек Мухамедов, Қырғызстанның сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұтыну кооперациясы және кәсіпкерліктің басқа да нысандары қызметкерлері кәсіподағының Орталық Комитетінің төрағасы Дамира Долоталиева қатысты.Кездесу аясында Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия салалық кәсіподақтарының өкілдері кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі өз қызметтері туралы айтып, кәсіподақ қызметі, қызметкерлерді кәсіподақ қозғалысына тарту тәжірибесімен алмасты.

Мирболат Жақыпов халықаралық әріптестерін құттықтай келе ұйымдастырушыларға алғыс айтып, Орталық Азия мен Түркия елдерінің салалық кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.Сондай-ақ, «Қызмет» салалық кәсіподағының пандемия жағдайында атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.Өз кезегінде Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Әзірбайжан өкілдері де кездесуге қатысушыларды өздерінің кәсіподақтарының қызметі туралы толыққанды хабардар етті.

Жиынға қатысушылардың барлығы дерлік бүгінгі күні кәсіподақтардың еңбек процесіне тартылған адамдардың құқықтарын қорғаушылар ретінде әлеуметтік мәселелерді  шешу және кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету үшін түрлі жаңа әдістер мен құралдарды пайдаланып, жүйелі және мақсатты түрде әрекет етіп жатқанын бірауыздан айтты.

Сонымен қатар, пікір алмасу барысында Орталық Азия мен Түркия елдерінің кәсіподақ жетекшілері халықаралық ынтымақтастық пен қарым-қатынастарды нығайту туралы бірыңғай ұстанымдарын білдірді.