«Еңбек адамы»!

«Еңбек адамы»!

09.11.2022 Off By Администрация сайта

Еңбек адамын құрметтеу-Алматы қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағының басты назарында.

Осы уақытқа дейін әр саладағы қызметкерлердің еңбегі жайлы әлеуметтік желілерде біраз мақала жариялаған болатынбыз.

«Еңбек адамы» айдарының бүгінгі кейіпкері Алматы қаласы «Қызмет» салалық бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі- Айтмухамбетқызы.

Абилкасимова Нұргүл Айтмухамбетқызы 1972 жылы 31 қантарда Абай облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген. 1981 жылы Ақсуат ауданындағы балалар музыка мектебіне оқуға қабылданды. 1987 жылы домра-прима сыныбын озат бітірген соң, Павлодар қаласындағы Чайковский атындағы музыка колледжіне оқуға түсті. 1991 жылы домра-прима мамандығын тәмамдағаннан кейін, Құрманғазы атындағы Алматы ұлттық консерваториясында білім алып 1996 жылы үздік дипломмен аяқтады. 1992 жылы консерватория қабырғасында 2 курста оқып жүріп, Құрманғазы атындағы оркестрге жұмысқа қабылданды. 1997 жылы конкурстың қорытындысы бойынша II домра-прима тобының концертмейстрі болып тағайындалды.

Қазіргі таңда концертмейстер лауазымында аянбай қызмет етуде. Қызмет барысында оркестр құрамымен бірқатар шет мемлекеттерде, атап айтқанда: Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия, Австрия, Германия, Франция, Италия, Болгария, Испания, Украина және т.б. елдерде гастрольдік сапарда болған. 2009 жылы Елордадағы Конгресс-Холл сарайында өткен оркестрдің 75 жылдығында «Мәдениет қайраткері» атағына ие болды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан алғыс хатпен марапатталды.

Құрманғазы атындағы оркестрде 30 жыл еңбек өтілі бар Нұргүл Айтмухамбетқызының тіршілігі мен тағдыры біте қайнасқан жеңіске толы еңбек жолы жастарға үлгі. Көрсең көзің тоймайтын Алматының әсем табиғатында таза ауамен тыныстап, йогамен айналысқанды ұнатады. Нұргүл Айтмухамбетқызының Зере есімді қызы бар. Ол Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде арнайы фортепиано бөлімінде білім алып жүр. Ақылына көркі сай Зеренің жетістіктері өте көп. Қазіргі таңда Халықаралық конкурстардың лауреаты.

Дана Абай атаның: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті, Ыстық қайрат, Нұрлы ақыл, Жылы жүрек», – дегені мен Шәкәрім қажының «Ақ жүрек, Таза ақыл, Адал еңбек», – деуі тонның ішкі бауындай қабысып, әдемі үндесіп тұр емес пе? Мінекей, ақ жүрегімен таза ақылға сүйеніп, адал еңбекпен нан тауып жүрген жан-Нұргүл Айтмухамбетқызы.

Нұргүл Айтмухамбетқызының игі істерінің қашанда оңға басуына, әр қадамының қарымды болуына, ел-қоғам алдында абыройының арта беруіне тілектестік білдіреміз.

Алматы қаласы “Қызмет” Салалық кәсіподағы филиалының қоғаммен байланыс Мадияр Гулбану