Статистика департаментінің қызметкерлері марапатталды

Статистика департаментінің қызметкерлері марапатталды

12.11.2022 Off By Администрация сайта

Статистика – еліміздегі айрықша орны бар маңызды саласы. Осы сала қызметкерлерінің ынтымақты жұмысы еліміздің алдағы бағыт-бағдарын айқындауға мол мүмкіндік береді, қоғамдық өмірде де ерекше орын алады. Елімізде 8 қараша – ҚР Статистикасының күні аталып өтеді. Осыған орай 11 қараша күні ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінде мерекелік шара өтті.
Мерекелік шарада департамент басшысы Мәриям Баекеева қызметкерлерді мерекемен құттықтап, Ұлттық статистика бюросының, департаменттің, Қызылорда қаласы әкімінің марапаттарын табыстады.
«Қызмет» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Сәуле Тұрсынбаева департамент қызметкерлері – кәсіподақ мүшелерін мерекемен құттықтай отырып, сала қызметкерлерінің күнделікті тәжірибелері мен атқарған жұмыстары арқылы еліміздің дамуына, өркендеуіне қосқан үлестерін, салалық кәсіподақ құрамындағы үлкен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының бірі әрі 35 жылдан астам кәсіподақтан қол үзбеген, белсенді кәсіподақ ұйымы екенін атап өтті.
Шарада белсенді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлзира Есқараеваға салалық деңгейде өткен «Үздік ұжымдық шарт -2022» республикалық байқауының ІІІ дәрежелі дипломы мен 30000 теңге қаржылай сертификат табысталса, салалық кәсіподақтың кәсіподақ көшбасшылары мен үздік әлеуметтік әріптестерге берілетін жоғары наградасы – «Кәсіподақ қайраткері» медалімен департамент басшысы Мәриям Баекеева, «Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының үздігі» төсбелгісімен департамент басшысының орынбасары Сәуле Рысмаханова, Қызылорда облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрмет грамотасымен Жаңақорған статистика бөлімінің бас маманы Нұрлан Орынбаев, Облыстық салалық кәсіподақтың құрмет грамотасымен департаменттің статистикалық ақпаратты пайдаланушылармен жұмыс бөлімінің басшысы Ирина Ан марапатталды.
Сонымен қатар зейнеткерлік жасқа келген департамент қызметкерлері Баян Медетова мен Алтын Мұсаеваға мекеме басшысы арнайы сыйлықтарын табыстады. Ардагерлерге арнап департамент қызметкері Бағия Нақаева өзінің арнау өлеңін оқыды.