Елордада әлеуметтік сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Елордада әлеуметтік сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

28.10.2022 Off By Администрация сайта

Қазанның соңғы жексенбісінде Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл мерекеде әлеуметтік саланың үздік қызметкерлерінің еңбегі еленіп, құрмет көрсетілді.

Мейірімділіктің бұл кәсіби мерекесі баршаға жанашырлықтың қажеттігін еске салатын игі дәстүрге айналды. Бүгінгі таңда Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау жүйесі белсенді түрде жетілдірілуде, әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің саны ұдайы ұлғаюда, барлық мұқтаж жандарға атаулы көмек көрсетілуде.

Ағымдағы жылдың 27 қазанында Астана қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподақ филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов Қазақстан Республикасында әлеуметтік қорғау қызметкерлері күнін мерекелеуге орай Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының салтанатты іс-шарасына қатысты. Оған Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ведомстволық бағынысты мекемелері қатысты.

Жиналғандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаған Атақозы Нұрланов: «Әлеуметтік қызмет мемлекеттік міндеттердің ең маңыздысын атқарып келеді, сіздердің мамандықтарыңыз өте маңызды. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күнделікті еңбегі ерекше құрмет пен алғысқа лайық, өз жұмысын кәсіби түрде атқарып, әрқайсысы өз аймағында өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік және басқа да көмек көрсетуге атсалысады.

Елордалық филиал қатысушыларға зор денсаулық, амандық, ұйымшылдық, психологиялық төзімділік, олардың қажырлы еңбектеріне сәттілік пен шыдамдылық тілеп, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік аясындағы жұмысы үшін алғысын білдірді.

«Қызмет» салалық кәсіподағы  Астана қаласы филиалының төрағасы А.Нұрланов ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің атынан Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Скуб Илья Васильевичке Құрмет грамотасын және «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының санитары Абиева Ольга Қарауылбекқызына «Еңбек озаты» медалін тапсырды.

Сондай-ақ, «Қызмет» салалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы Бибігүл Темірғалиқызы Мұқанова, «Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды әлеуметтендіру орталығы» КММ медбикесі Джакипбаева Әлия Нақыпбайқызы, «Жанұя отбасы институтын қолдау орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ахметжанова Гүлнар Жүсіпбекқызы марапатталды.

Бұдан басқа, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты ұйымдардың қызметкерлері арасында өткен спартакиада жеңімпаздары «Қызмет» салалық кәсіподақ филиалының дипломдарымен және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды:

– 3-ші жалпыкомандалық орынға дипломмен «Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы» КММ командасы;

– боулингтен 2-ші орын үшін Астана қаласы әкімдігінің «Қиын өмірлік жағдайдағы тұлғаларды әлеуметтендіру орталығы» КММ командасы;

– волейболдан 2-ші орын үшін Астана қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ командасы;

– шағын футболдан 2-ші орын үшін Астана қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ командасы;

– шағын футболдан 2–ші орын үшін Астана қаласы әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығы» КММ командасы.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Қызмет» елордалық филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов пен оның орынбасары Алима Бекназарова Астана қаласы әкімдігінің «Қиын өмірлік жағдайдағы тұлғаларды әлеуметтендіру орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымында болып, салтанатты шараға қатысты.  Бұл орталық тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмек көрсетуге арналған.

 А.Нұрланов  аталған мекеме директоры Самат Топатаевты және қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға қажырлы еңбектері үшін алғысын білдіріп, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын, естелік сыйлықтар мен шипажай-курорттық емдеуден өтуге 30% жеңілдікпен сертификатты табыс етті.