Тұрғындарға кеңес берілуде
11.06.2026Қамқор отбасын қолдау орталығында «Бірлік пен қолдау күні» атты ашық есік күні өтуде.
ҚР Президенті жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен және
Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, білім, балалардың құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау, мәдениет, ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері басқармаларының, Мұғалжар ауданы әкімдігінің, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан ашық есік күніне құқық қорғау органдары, медиаторлар, заңгерлер, психологтар, облыстық маслихат депутаттары, мотивациялық спикерлер, дағдарыс орталықтарының мамандары, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысуда.

Ашық есік күні аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Мухтарита Сағындықова мен Aqtobe облыстық телеарнасының шеф-редакторы, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Бибігүл Биманова бастаған жұмыс тобы келушілерге құқықтық көмек көрсетіп, әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік, білім беру, тұрғын үй, жер қатынастары сынды өзекті мәселелер бойынша тегін заң консультацияларын берді.

Іс-шараның мақсаты – қиын жағдайға тап болған отбасылар мен әйелдерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын түсіндіру, жан-жақты көмек көрсету және азаматтардың сенімін арттыру.

