Астана қаласында «Қызмет» салалық кәсіподағының бастауыш кәсіподақ ұйымдарының келісу комиссиялары мүшелеріне арналған онлайн-семинар өтті
11.06.2026Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Оқу орталығы Астана қаласындағы мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағы «Қызмет» филиалының кәсіподақ белсенділері қатарындағы келісу комиссиялары мүшелеріне арналған онлайн-семинар өткізді. Оқытуға филиалдан 43 өкіл қатысты.АҚазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Оқу орталығы Астана қаласындағы мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағы «Қызмет» филиалының кәсіподақ белсенділері қатарындағы келісу комиссиялары мүшелеріне арналған онлайн-семинар өткізді. Оқытуға филиалдан 43 өкіл қатысты.

Семинар жеке еңбек дауларын реттеу, келісу комиссияларының қызметі және еңбек заңнамасындағы өзекті өзгерістер тақырыптарына арналды.

Спикер ретінде ФКРК Оқу орталығының директоры Ляззат Есжанова сөз сөйледі. Ол қазіргі жағдайда келісу комиссиялары еңбек дауларының алдын алуда және еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтауда маңызды құралға айналып отырғанын атап өтті.
«Бүгінде тек заң нормаларын білу жеткіліксіз. Оларды қолдану тетіктерін түсініп, даулар ушығуға дейін алдын алу үшін пайдалана білу маңызды. Сондықтан келісу комиссиялары мүшелерін оқыту ерекше өзектілікке ие», — деді Ляззат Есжанова.
Оның айтуынша, комиссия жұмысының тиімділігі оның мүшелерінің кәсіби даярлығына, өтініштерді қараудағы объективтілікке және тараптардың тең өкілдігі қағидатын сақтауға тікелей байланысты.
«Келісу комиссиясы — бұл формалды орган да, жұмыс беруші мен қызметкердің қарсыласу алаңы да емес. Оның негізгі міндеті — заңды әрі әділ шешім қабылдап, әлеуметтік диалогты сақтап, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру», — деп атап өтті спикер.
Жеке еңбек дауларын қарау тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар нақты мысалдар арқылы ұйымдарда жиі кездесетін даулы жағдайларды және оларды сотқа дейін реттеу алгоритмдерін талқылады.


Еңбек дауларының алдын алу мәселесіне де айрықша тоқталды.
«Еңбек дауын шешудің ең тиімді жолы — оның туындауына жол бермеу. Тараптар мәселелерді дер кезінде талқылап, әлеуметтік әріптестік тетіктерін пайдаланса, көптеген проблемаларды шиеленіспей шешуге болады», — деді Ляззат Есжанова.

Ашық диалог форматында қатысушылар еңбек заңнамасын қолданудың практикалық мәселелерін талқылап, келісу комиссияларындағы тәжірибелерімен бөлісті және күрделі еңбек дауларын қарау бойынша ұсыныстар алды.

Семинар қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

