Еңбек қорғау күніне орай дөңгелек үстел өтті

Еңбек қорғау күніне орай дөңгелек үстел өтті

29.04.2026 Off By Администрация сайта

28 сәуір- Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай «28 сәуір: Салауатты психоәлеуметтік жұмыс ортасын қамтамасыз етейік» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған шараға Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бектемір Жұмағұлов, Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыс бойынша департамент басшысы Бекболат Шәріпбеков, салалық кәсіподақтар, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев өз сөзінде аталған күннің маңыздылығына тоқталып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті. Сонымен қатар, ол салауатты психоәлеуметтік ахуал қалыптастыру еңбек өнімділігін арттырудың және ұжымдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі факторы екенін жеткізді.

Өз кезегінде Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бектемір Жұмағұлов дөңгелек үстелдің өзектілігіне тоқталып, өңірдегі кәсіпорындарда ұжымдық шарттардың жасалуы және олардың орындалуын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша жүйелі оқыту жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Шара барысында аталған департаменттің бөлім басшысы Бағлан Жұманов еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бағытында атқарылған жұмыстар туралы, кәсіби тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізу, құрылыс алаңдарында бақылауды күшейту, сондай-ақ жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасу қажеттігіне кеңінен тоқталса, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымының маманы Асылбек Мамбетов білім беру ұйымдарындағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері туралы айтып өтті. Ал «ПҚҚР» АҚ-ның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жетекші инженері Төребек Табынбай өндірістік нысандардағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәжірибесімен бөлісті.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар тарапынан бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Іс-шара қорытындысында кәсіподақ қозғалысының дамуына және еңбек қауіпсіздігін нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар кәсіподақ белсенділері Алғыс хаттармен марапатталды. Оның ішінде «Қызмет» салалық кәсіподағының мүшелері Белкөл кенті әкімі аппаратының жетекші маманы Нұргүл Қуаныш Қызылорда облысы әкімінің алғыс хатымен, Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Жаңбырбай Табынбай және  Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің іс жүргізушісі Ерболат Бахыт  Облыстық кәсіподақтар орталығының алғыс хатымен марапатталды.