Ақтөбе облысында кәсіподақ мүшелері үшін тимбилдинг шарасы өтті
29.04.2026Ақтөбе облысында «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының ұйымдастыруымен кәсіподақ мүшелері арасында табиғат аясында тимбилдинг іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара Ақтөбе облысының Қарғалы ауданындағы Қасқыр сарқырамасы бағыты бойынша ұйымдастырылып, қатысушылар таңғы уақытта жолға шығып, күннің екінші жартысын табиғат аясында өткізді.
Аталған шараға филиал қызметкерлері, аудандық және қалалық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері қатысты.

Тимбилдингтің негізгі мақсаты – кәсіподақ мүшелері арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, командалық рухты арттыру және бейресми ортада әріптестік байланысты дамыту болды.

Іс-шара барысында қатысушылар үшін әртүрлі ойындар, спорттық жарыстар мен қызықты сайыстар ұйымдастырылды. Табиғат аясында түскі ас ұйымдастырылып, еркін форматта пікір алмасу, серуендеу және белсенді демалысқа мүмкіндік жасалды.

Жалпы, тимбилдинг жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Шараға қатысқан кәсіподақ мүшелері көтеріңкі көңіл күймен тарқап, өзара қарым-қатынасты нығайтуға үлкен мүмкіндік алғандарын атап өтті.





