Астанада қоғамдық келісімдегі Конституцияның рөлі талқыланды

Астанада қоғамдық келісімдегі Конституцияның рөлі талқыланды

04.05.2026 Off By Администрация сайта

Астана қаласында «Халық Конституциясы – бірлік пен дамудың кепілі» атты конференция өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Конституциясының қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтудағы рөліне арналды. Конференция Достық үйінде өтіп, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылды.

Конференция жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, сондай-ақ этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің мүшелері қатысты. Қатысушылар қатарында «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов болды.

Іс-шараның модераторы — Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі АНК Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов. Ол жаңартылған Конституция қоғамдағы ұлтаралық келісім, әділеттілік және халық бірлігі қағидаттарын айқындайтынын атап өтті.

Қатысушылар Конституцияның бүгінде тек заңдар жиынтығы ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтары, мүмкіндіктері мен сұраныстарының көрінісі ретінде қабылданып отырғанын, оның шынайы «халықтық» сипатқа ие бола бастағанын айтты.

Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі — «Халық кеңесі» консультативтік алаңын құру болды. Оның құрамына қоғамның түрлі салаларынан 126 өкіл, соның ішінде этномәдени бірлестіктер, өңірлік кеңестер мен мәслихаттар мүшелері кіреді. Сондай-ақ Ассамблея өкілдерінің қатысуы қоғамдық диалогты күшейтіп, қоғамның топтасуына ықпал етеді деп күтілуде.

Конференция барысында сөз сөйлеген Мирболат Жақыпов қатысушыларды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, азаматтық қоғамды дамыту маңыздылығын атап өтті:

«Бүгінде біз құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет құрып жатырмыз. Мысал ретінде азаматтық қоғамы мен кәсіподақтары дамыған Скандинавия елдерін айтуға болады. Қазақстан да осы бағытта ілгерілеп келеді, реформалар мен халық бірлігінің арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді», — деді ол.

Сондай-ақ басқа да қатысушылар сөз сөйледі. АНК Хатшылығының бас маманы Жанна Абдуали өз сөзінде Конституцияда бекітілген негізгі құндылықтар — бірлік пен өзара құрмет екенін, ал қоғамның басты міндеті — осы құндылықтарды кеңінен насихаттау екенін атап өтті.

Іс-шара аясында марапаттау рәсімі де өтті. Мирболат Жақыпов «Үздік әлеуметтік әріптес» медалін Астана қаласы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нуралы Айдашевқа табыстады.

Қатысушылардың пікірінше, мұндай конференциялар қоғамдық диалогты нығайтуда, өзекті мәселелерді талқылауда және ортақ азаматтық ұстанымды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.