Астанада әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетіледі
22.10.2025Елордада қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтілетін Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Бұл кәсіби мереке – өз өмірін қоғамға қызмет етуге, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге және мемлекеттік әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға арнаған жандарды біріктіретін күн.
Салтанатты жиын Астана қаласындағы Жастар театрында өтіп, әлеуметтік сала мамандарын, ардагерлерді және саланың дамуына сүбелі үлес қосқан қызметкерлерді біріктірді. Іс-шараның басты мақсаты – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің еңбегінің маңыздылығын, ізгілікке толы қызметін айқындап, олардың жанкешті жұмысына алғыс білдіру болды.


Қатысушыларға құттықтау сөз арнаған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Серікұлы Мейрхан әлеуметтік сала мамандарының қоғам өміріндегі ерекше рөлін атап өтті. Ол Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерін және қала әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.

Марапатталғандардың қатарында Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жұмыспен қамтуды үйлестіру бөлімінің басшысы Айгүл Әбдуахитқызы Нүрекенова да бар. Ол мемлекеттік қызмет пен әлеуметтік салада 38 жылдан астам уақыт үздіксіз еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде көптеген жас мамандарға тәлімгер болып, білімі мен тәжірибесін аянбай бөлісті. Айгүл Абдуахитқызы – өз ісіне адал, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген білікті мемлекеттік қызметші.

Іс-шара барысында «Қызмет» салалық кәсіподағының Астана қалалық филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов жылы лебізін білдіріп, әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін ерекше атап өтті:

«Сіздердің қызметтеріңіз адамгершілікке, мейірімділікке толы. Сіздер халықты жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейсіздер. Бұл — оңай шаруа емес, біз мұны жақсы білеміз. Соған қарамастан, сіздер бұл маңызды жұмысты абыроймен атқарып келесіздер. Елорданың дамуына үлес қосып жүрген баршаңызды алғыс білдіремін. Еңбектеріңіз бағаланып, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз еліміздің өркендеуіне қызмет ете берсін!»
Сонымен қатар, Атақозы Нұрланов 13 қазан күні ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мен «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыповтың кездесуі туралы баяндады. Кездесу барысында әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қолдау мәселелері талқыланды.
Ол сөзінің соңында елордалық әкімдік пен Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының әлеуметтік әріптестікті дамыту жолындағы қолдауларына алғысын білдірді.

Жиын соңында кәсіподақ мүшелеріне адал еңбегі, кәсіби шеберлігі мен өз ісіне деген адалдығы үшін марапаттар табысталды.


Салтанатты рәсім – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің жоғары миссиясын мойындаудың, сондай-ақ қоғамда әділеттілік пен қамқорлықты орнықтырудағы рөлін терең құрметтеудің белгісі болды.




