«Шанырақ» орталығында әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтті
22.10.2025Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай Алматы қаласындағы «Шанырақ» әлеуметтік қызмет орталығында күн сайын көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық пен қолдау көрсетіп жүрген әлеуметтік қызметкерлерге арналған мерекелік іс-шара өтті.
Орталық ұжымын кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтап, жылы лебізін «Қызмет» салалық кәсіподағының Алматы қаласы бойынша төрайымы Данагүл Айнақұлова білдірді. Ол әлеуметтік қызметкерлердің адал еңбегі, мейірімділігі мен өз ісіне деген беріктігі үшін алғыс айтып, бұл мамандық ерекше адамгершілікті, сабырлық пен жан жылуын талап ететінін атап өтті. Сонымен қатар ол еңбек ұжымының құқықтарын қорғау, қолайлы еңбек жағдайын жасау және корпоративтік рухты нығайту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқан бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына тоқталды.

Салтанатты шара барысында Данагүл Айнақұлова әлеуметтік қорғау саласында 28 жылдан астам еңбек етіп, оның 15 жылын осы ұжымда өткізіп келе жатқан бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Қарлығаш Ибрагимді көп жылғы адал еңбегі үшін ҚРКФ «Кәсіподақтағы белсенді қызметі үшін» медалімен марапаттады. Сондай-ақ бірқатар қызметкерлер әлеуметтік саладағы кәсібилігі, еңбексүйгіштігі және саланың дамуына қосқан үлесі үшін Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Мереке шынайы ризашылық пен алғыс сөздеріне толы жылы да әсерлі атмосферада өтіп, әлеуметтік қызметкерлерге арналған шағын концерттік бағдарламамен аяқталды.




