Құрметке лайық еңбек – лайықты марапат!

Құрметке лайық еңбек – лайықты марапат!

08.09.2026 Off By Администрация сайта

Бүгін Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы, еңбек қатынастары саласының білікті маманы Лейла Бурабекқызы Есалиеваны құрметті зейнет демалысына шығарып салуға арналған тағылымды салтанатты жиын өтті.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, кәсіподақ ұйымдарының, әлеуметтік әріптестердің, ардагерлер мен әріптестерінің өкілдері қатысып, Лейла Бурабекқызының көп жылғы мінсіз еңбегі мен кәсіби қызметіне жоғары баға беріп, шынайы алғыстары мен ақжарма тілектерін білдірді.

Салтанатты шара барысында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Мухтарита Мұханбетқалиқызы Сағындықова Лейла Бурабекқызына «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін салтанатты түрде табыстады. Өз құттықтау сөзінде ол мерейтой иесінің ұзақ жылғы жемісті еңбегін, жоғары кәсібилігін және мемлекеттік қызмет саласының дамуына қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Алғыс хаты салтанатты жағдайда табысталды. Құрметті марапатты әріптесі Қасенова Анар Бауыржанқызы табыс етті.
Лейла Бурабекқызының еңбек жолы – жауапкершілік пен кәсібиліктің, адалдық пен адамгершіліктің жарқын үлгісі. Саналы ғұмырын еңбек қатынастары мен халықты әлеуметтік қорғау саласына арнаған ол әріптестері арасында білікті маман, тәжірибелі тәлімгер және өз ісіне берік азамат ретінде зор құрметке ие.
Адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Лейла Бурабекқызының көп жылғы қызмет жолы – соның айқын дәлелі. Еңбек жолында көрсетілген құрмет – оның кәсіби біліктілігіне ғана емес, адамдық болмысы мен ел игілігі жолындағы еселі еңбегіне берілген жоғары баға.


«Қызмет» салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы Лейла Бурабекқызын мерейлі жасымен және құрметті демалысқа шығуымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт пен берекелі ғұмыр тілейді!
Құрметті демалысыңыз құтты болсын!