«Кәсіподақ көмектеседі: 200 бала жаңа оқу жылына қолдау алды»!
31.08.20261 қыркүйек – әр бала мен әр ата-ана үшін ерекше күн. Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар балаларының мектепке дайындығына ерекше көңіл бөліп, қажетті оқу құралдарын түгендейді. Бұл кезең қуанышпен қатар, әр отбасы үшін қосымша шығынды да талап етеді.
Сондықтан Білім күні қарсаңында Алматы қаласы бойынша «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының филиалы республикалық «Мектепке жол» акциясына белсенді түрде қатысты.
Бұл жолы филиалдың барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдары ортақ іске жұмылып, кәсіподақ мүшелерінің 200 баласына жаңа оқу жылына қажетті қолдау көрсетті. Бұл – жай ғана 200 деген сан емес. Әр цифрдың артында адамның тағдыры тұр. Әр баланың артында – еңбек ететін ата-ана, әр отбасының өз қуанышы мен өз алаңдаушылығы бар.

Бұл – біздің «Кәсіподақ көмектеседі» қағидатының нақты көрінісі. Кәсіподақтың күші тек еңбек құқықтарын қорғаумен немесе құқықтық көмек көрсетумен шектелмейді. Нағыз кәсіподақ қызметкердің өміріндегі маңызды сәттерде жанынан табылып, нақты қолдау көрсете білуі керек.

Сонымен қатар бұл акция «Кәсіподақ қасыңда» қағидатының да мәнін көрсетеді. Біз қызметкердің жанында болу үшін, оның мәселесін есту және қолдан келгенше шешуге көмектесу үшін жұмыс істейміз.
Ал акцияға барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қатысуы бізге тағы бір маңызды нәрсені көрсетті:
Күшті кәсіподақ – күшті бастауыш ұйымнан басталады.
Бастауыш ұйым – кәсіподақ қозғалысының ең маңызды буыны. Өйткені дәл сол жерде қызметкермен тікелей байланыс орнайды, оның мұң-мұқтажы тыңдалады, қолдау көрсетіледі және нақты жұмыс атқарылады.
Біздің ортақ мақсатымыз – кәсіподақтың адамға жақын, оның мәселесіне бейжай қарамайтын ұйым екенін іспен көрсету.
«Мектепке жол» акциясына атсалысқан барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кәсіподақ активіне алғысымды білдіремін.
Жаңа оқу жылы балаларымызға жаңа білім, жарқын жетістіктер мен үлкен мүмкіндіктер әкелсін!
Кәсіподақ көмектеседі. Кәсіподақ қасыңда. Күшті кәсіподақ – күшті бастауыш ұйымнан басталады.



