Адал еңбек, кәсіби маман – сыйлы адам
21.08.2026Муслимова Нұржамал Аманкелдіқызы, 1979 жылдың 5 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында дүниеге келген.
Еңбек жолы: 1999 жылдан 2002 жылдары аралығында Шардара аудандық халықты жұмыспен қамту бөлімінде нұсқаушы қызметінен бастап, 2002 жылы сол бөлімде бас маман қызметін атқарып, осы салада үш жылға жуық уақыт жемісті еңбек етті. Халықпен тығыз жұмыс істейтін бұл салада ол жауапкершілік пен талапшылдықты, сабыр мен іскерлікті қатар ұштастыра білді.
2005 жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық ішкі саясат бөлімінде бас маман қызметін атқарып келеді. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде ол қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайту, идеологиялық бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру ісіне өз үлесін қосып, тәжірибелі, білікті маман ретінде танылды. Әріптестерінің арасында сыйлы, өз ісіне адал қызметкер ретінде құрметке ие. Ұжымдағы бедел мен білімнің арқасында кәсіподақ ұйымының төрайымы болып сайланды.
Әйел адам үшін отбасы – ең қасиетті мекен. Жолдасымен бірге екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Қызмет пен отбасылық жауапкершілікті қатар алып жүру – кез келген жанның қолынан келе бермейтін үлкен еңбек. Соған қарамастан, ол балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, отбасындағы береке мен бірлікті сақтап, үлгілі отбасына айналып отыр.
Мемлекеттік қызметтегі жауапты жұмыс пен отбасылық міндеттерді үйлестіру өмірлік ұстанымына айналған. Қызметте – талапшыл әрі ұқыпты маман, ал үйде – мейірімді ана, ибалы келін.
Қызығы мен қуанышы мол еңбек жолыңызда, биік белестерді бағындыра беруіңізге тілектеспіз!

