Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті

Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті

01.07.2026 Off By Администрация сайта

Бүгін Атырау облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырыста Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің кеңейтілген отырысында қаралған мәселелер талқыланып, 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағыттары мен алдағы кезеңнің басым міндеттері жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Кеңес барысында кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамыту, еңбек адамдарының құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін тиімді қорғау, сондай-ақ Федерация айқындаған стратегиялық бағыттарды өңірлік деңгейде жүзеге асыру мәселелері сөз болды.

Ерекше назар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бекіткен кәсіпорындарда жасанды интеллект жүйелерін енгізу жағдайында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі ұсынымдарға аударылды. Құжаттың негізгі мақсаты – цифрландыру жағдайында еңбеккерлердің құқықтарын сақтау, жұмыспен қамту кепілдіктерін қамтамасыз ету және жасанды интеллектіні ашық әрі жауапты қолдану. Ұсынымдарда қызметкерлерді алдын ала хабардар ету, алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз ету, жеке деректерді қорғау, автоматты түрде жұмыстан шығаруға жол бермеу, қайта оқыту мен жаңа дағдыларды меңгеруге жағдай жасау, сондай-ақ кәсіподақтардың қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту мәселелері қамтылған.
Отырыста 2030 жылға дейінгі стратегиялық міндеттерді жүзеге асырудағы жастардың рөліне ерекше мән берілді. Жас кәсіподақ көшбасшыларын даярлау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек қатынастары саласындағы белсенділігін күшейту және басқару үдерістеріне кеңінен тарту – алдағы кезеңнің маңызды басымдықтарының бірі екені атап өтілді.
Сонымен қатар, «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты күші» тұжырымдамасы мен оны ақпараттық сүйемелдеуге арналған медиа-жоспар таныстырылды. Медиа-жоспарда кәсіподақ қызметін кеңінен насихаттау, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды жария ету, жастардың кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысуын ынталандыру және әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кәсіподақтың оң имиджін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар қамтылған.
Кеңес мүшелері аталған стратегиялық құжаттар мен медиа-жоспарды іске асыру кәсіподақ қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттырып, еңбек адамдарының мүддесін қорғау ісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.