Мемлекеттік қызметшілерді салтанатты марапаттау
25.06.2026«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Қостанай облыстық филиалының төрағасы Гүлнәр Дәлібайқызы Донбаева Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Мерекелік іс-шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Шараға мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік қызмет ардагерлері, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында «Үздік мемлекеттік қызметші – 2026» республикалық байқауының жеңімпаздарын, сондай-ақ ұзақ жылдар бойы өз қызметтік міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен атқарып, мемлекеттік қызметті дамытуға және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосқан мемлекеттік қызмет жүйесінің өкілдерін марапаттау рәсімі өтті.
Мереке мемлекет пен қоғамға қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған азаматтарға деген зор құрмет пен ризашылыққа толы жағдайда өтті. Ізгі тілектер, лайықты марапаттар мен алғыс сөздер Қостанай облысының мемлекеттік қызметшілерінің еңбегіне берілген жоғары бағаның айқын көрінісі болды.

Облыстық филиал төрағасы салтанатты түрде бірқатар кәсіподақ марапаттарын табыс етті. Атап айтқанда, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Орталық кеңесінің «Кәсіподақ қайраткері» медалімен Қостанай облысы әкімдігі Дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекші маманы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Татьяна Гавриловна Столбенко марапатталды.
Сондай-ақ, «Қызмет» салалық кәсіподағы Орталық кеңесінің «Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының үздігі» төсбелгісімен Қостанай облысы әкімдігі аппаратының жобалық басқару бөлімінің басшысы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ануар Сейтенұлы Едрисов марапатталды.
Іс-шара кәсібиліктің, өз ісіне адалдықтың және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет қағидаттарына беріктіктің жарқын мерекесіне айналды.







