Мемлекет пен қоғамға қызмет ететін жандарға құрмет
23.06.2026Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалы кәсіподақ мүшесі болып табылатын мемлекеттік қызметшілерді ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өткізді.

Іс-шара әріптестердің басын қосып, тәжірибе алмасуға және күнделікті адал еңбегімен мемлекетіміздің дамуына үлес қосып, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, кәсіподақ жұмысына белсене қатысып жүрген азаматтарға лайықты құрмет көрсету алаңына айналды.

Салтанатты жиынның құрметті қонақтары қатарында Қостанай облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Қайрат Жанділдинұлы Сүндіков, Қостанай облыстық кәсіподақтар аумақтық бірлестігінің төрағасы Ирина Петровна Аронова, сондай-ақ мемлекеттік қызмет пен кәсіподақ қозғалысының ардагері, Федоров аудандық кәсіподақ филиалының төрайымы Зоя Андреевна Шашкова болды.

Қонақтар өз сөздерінде мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік саясатты іске асырудағы, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтудағы маңызды рөлін атап өтіп, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау мен әлеуметтік әріптестікті дамытудағы кәсіподақтардың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Іс-шараның ерекше сәті марапаттау рәсімі болды. Жоғары кәсібилігі, адал еңбегі, жауапкершілігі және кәсіподақ қызметіне белсенді қатысқаны үшін мемлекеттік қызметшілерге лайықты марапаттар табыс етілді.

«Қызмет» салалық кәсіподағы Орталық кеңесінің төрағасы Мирболат Хабиұлы Жақыповтың атынан 10-нан астам марапат, Қостанай облыстық кәсіподақтар аумақтық бірлестігі атынан 6 марапат, сондай-ақ «Қызмет» салалық кәсіподағы Қостанай облыстық филиалының төрайымы Гульнар Дәлебайқызы Донбаеваның қолы қойылған 25-тен астам марапат табысталды.
Салтанатты іс-шара мемлекеттік қызметке өмірін арнаған жандарға деген құрмет пен ризашылыққа толы ерекше жағдайда өтті. Осы күні марапатталған әрбір қызметкердің еңбегі жоғары бағаланып, кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесі лайықты мойындалды.

Ресми бөлім аяқталғаннан кейін іс-шараға қатысушылар мерекелік дастарқанға шақырылды. Жылы әрі достық жағдайда әріптестер еркін пікір алмасып, әсерлерімен бөлісіп, кәсіби және адами байланыстарын нығайтты. Осындай кездесулер ұжымның бірлігін арттырып, корпоративтік мәдениетті дамытуға, өзара түсіністік пен қолдау атмосферасын қалыптастыруға ықпал етеді.
«Қызмет» салалық кәсіподағының Қостанай облыстық филиалы барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел мен қоғам игілігі жолындағы адал қызметі, жоғары кәсібилігі және өз ісіне деген беріктігі үшін шынайы алғысын білдіреді.



