Тарихқа тағзым – ұрпаққа аманат

Тарихқа тағзым – ұрпаққа аманат

01.06.2026 Off By Администрация сайта

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Ақтөбе қаласындағы «Азаттықтың ақ таңы» монументі жанында гүл қою рәсімі өтті.
Тағылымды шараға қоғам белсенділері, ардагерлер, қоғамдық ұйымдар мен мекемелердің өкілдері қатысып, халқымыздың басынан өткен ауыр кезеңдердің құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті.

«Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы да аталған іс-шараға қатысып, гүл шоғын қою арқылы жазықсыз жапа шеккен азаматтардың жарқын рухына құрмет көрсетті.
Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдары қазақ халқы үшін орны толмас қасіретке айналды. Мыңдаған зиялы қауым өкілдері мен мемлекет қайраткерлері қуғынға ұшырап, миллиондаған адам аштықтың зардабын тартты. Бүгінгі тәуелсіздігіміз бен бейбіт өміріміз – сол зұлмат кезеңдерді бастан өткерген ұрпақтың қайсарлығы мен төзімінің нәтижесі.


Өткенді ұмытпау – болашақ алдындағы жауапкершілік. Тарих тағылымын есте сақтау, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу және жас ұрпақтың бойына елжандылық қасиеттерді сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етеміз.