Мейірім мен қамқорлық мерекесі: кәсіподақ өкілдері Қостанай балалар орталығының тәрбиеленушілерін құттықтады
01.06.2026Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қостанай қаласындағы КММ «Қостанай арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығында» мерекелік іс-шара өтті. Оған «Қызмет» салалық кәсіподағының Қостанай облыстық филиалының төрағасы Гүлнара Дәлібайқызы Донбаева, «Қостанай облысының Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Ирина Петровна Аронова және облыстық мәслихат депутаты Динара Маратқызы Ахметова қатысты.

Кездесу барысында қонақтар орталық тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтап, оларға зор денсаулық, қуаныш, табыс және бақытты балалық шақ тіледі. Іс-шараның ерекше сәті ретінде балаларға музыкалық аспаптар, дамытушы сыйлықтар мен тәттілер табысталды.
Осындай кездесулер ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға қоғам тарапынан көрсетілетін әлеуметтік жауапкершілік пен қолдаудың маңызды көрінісі болып табылады. Орталық ұжымының атынан мекеме басшысы Гүлжанат Төлеуқызы Тәзібекова балаларға көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жүрген кәсіподақ қозғалысының өкілдері мен барлық жанашыр азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.

Мерекелік іс-шара жылы лебізге, шынайы эмоцияларға және балалардың шат күлкісіне толы болды. Тәрбиеленушілер қонақтарға арнап шығармашылық нөмірлер ұсынып, ризашылықтарын білдірді.
Іс-шара облыстық телеарнаның түсірілім тобы тарапынан кеңінен жарияланды.

