«Қызмет» кәсіподағы мен Еуропадағы қазақ диаспоралары ұлттық құндылықтарды сақтау жолында күш біріктіруде
25.05.2026Еуропа қазақтарының құрылтайына қатысу мақсатындағы Францияға жұмыс сапары аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы атынан төраға Мирболат Жақыпов Еуропа елдеріндегі қазақ диаспораларының өкілдерімен, атап айтқанда Англия, Франция, Германия, Венгрия және Түркиядағы қазақ қауымдастықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты – өзара ынтымақтастықты дамыту, мәдени байланыстарды нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және шетелде тұратын отандастарды қолдау.
Құжат аясында бірлескен форумдар, мәдени-ағартушылық іс-шаралар, тәжірибе алмасу кездесулері ұйымдастырылып, қазақ тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихы мен рухани мұрасын насихаттауға бағытталған жобалар жүзеге асырылатын болады.
Аталған бастама Франция, Англия, Германия, Венгрия және Түркиядағы қазақ диаспораларымен рухани байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, ол ұлттық бірегейлікті сақтауға, мәдени сабақтастықты дамытуға және өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға ықпал етеді.

«Қызмет» салалық кәсіподағы бұл ынтымақтастық шетелдегі қандастармен байланысты одан әрі тереңдетуге, ұлттық мәдениетті дәріптеуге және әлемдегі қазақ қауымдастықтары арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға септігін тигізеді деп есептейді.







