«Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының Атқару комитетінің отырысы өтті
21.04.20262026 жылғы 16 сәуір күні «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті. Отырысты облыстық филиал төрағасы Мухтарита Муханбетқалиқызы Сағындықова ашып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге тоқталды.
Жиын барысында облыстық филиал төрағасы Орталық комитеттің 27 наурыз күні өткен Атқару кеңесінде қабылданған шешімдердің мазмұнымен таныстырып, өңірлік деңгейде атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру, жастар саясатын дамыту және аудандық комитеттердің белсенділігін арттыру бағытындағы міндеттер айқындалды.

Отырыстың негізгі әрі өзекті мәселелерінің бірі — ұжымдық шарттардың орындалу барысы мен олардың тиімділігін арттыру мәселесі болды. Бұл бағытта еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын нығайту, қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ ұжымдық шарттардың сапасын арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Ұжымдық шарт талаптарының орындалуын бақылауды күшейту және осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу қажеттігі атап өтілді.

Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қолдау мәселелері де қаралды. Атап айтқанда, «Қызмет» салалық кәсіподағы Орталық кеңесінің 2026 жылғы 27 наурыздағы №6 қаулысына сәйкес Ақтөбе облыстық филиалына «Сосновый бор» шипажайына жолдамалар бөлінгені айтылды.
Осыған байланысты кәсіподақ мүшелерін шипажай-курорттық емделуге жіберу мәселесі қаралып, еңбек адамдарының денсаулығын нығайту мен әлеуметтік қолдау шараларын жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарының бірі екендігіне ерекше назар аударылды.
Жиын қорытындысында кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру, ұжымдық шарттардың орындалуын күшейту, жастар кеңесінің белсенділігін арттыру және аудандардағы кәсіподақ ұйымдарының қызметін жүйелі түрде дамыту бойынша нақты тапсырмалар берілді.



