Ақтөбе облысында кәсіподақ активінің отырысы өтті

Ақтөбе облысында кәсіподақ активінің отырысы өтті

02.04.2026 Off By Администрация сайта

2026 жылғы 31 наурыз күні Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталин мен «Келешек» республикалық жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереевтің қатысуымен Ақтөбе облысының кәсіподақ активінің отырысы өтті.

Аталған жиынға «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Мопық Әйгерім Абатқызы қатысып, мінбеде сөз сөйледі.
Өз сөзінде Әйгерім Абатқызы өңірдегі «Келешек» жастар кеңесінің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, жастардың кәсіподақ қызметіне белсенді қатысуын арттыру, еңбек құқықтарын қорғау, жастар бастамаларын қолдау, әлеуметтік-мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және жас мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар туралы кеңінен баяндады.

Сонымен қатар жастар қозғалысын дамыту, кәсіподақ қызметіне жас қызметкерлерді кеңінен тарту, өңірлік жастар кеңесінің жұмысын жандандыру бағытында нақты ұсыныстарын жеткізді.
Жиын барысында «Келешек» республикалық жастар кеңесінің төрағасы Аян Сәлімгереев еліміз бойынша жүзеге асырылатын алдағы жобалар мен бастамаларға тоқталып, Ақтөбе облысындағы «Келешек» жастар кеңесінің белсенді жұмысына жоғары баға берді.
Бұл кездесу – өңірдегі жастар саясатын дамытуға, кәсіподақ қозғалысына жас буынды тартуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.

«Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің белсенді жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады.