Абыройлы еңбегімен өнегелі азамат
03.02.20262025 жылдың 2 ақпан күні Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Мажит Самитовтың төрағалығымен аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ахметов Орман Айтмағанбетұлын зейнеткерлік демалысқа шығарып салуға арналған салтанатты жиын өтті.

Орман Айтмағанбетұлы еңбек жолын 1985 жылы механик қызметінен бастаған. содан бері 40 жылдан астам еткен еңбектің ішінде мемлекеттік қызметте 30 жылға жуық жұмыс жасады, түрлі салаларда басшылық қызметтер атқарды. Ол Жаңақорған ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімдерін, сондай-ақ 2017 жылдан бері сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімін абыроймен басқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мажит Самитов өңірдің дамуына қосқан еңбегі үшін Орман Айтмағанбетұлына ауданның ең жоғары марапаты – «Құрмет грамотасын», сондай-ақ «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының «Еңбек озаты» медалін табыстады.

Жаңақорған ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі 30 жылдан аса «Қызмет» салалық кәсіподағының құрамындағы ынтымағы жарасқан бастауыш кәсіподақ ұйымы болып табылады. Осы ұйымның белсенді мүшесі ретінде Орман Айтмағанбетұлы әлеуметтік әріптестік қағидаттарын берік ұстанып, жұмыскерлердің құқықтары мен еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарға тұрақты қолдау көрсетіп келді.
Абыройлы еңбегімен көпке үлгі бола білген Орман Айтмағанбетұлы — кәсіби біліктілігі жоғары, ұйымдастырушылық қабілеті мықты, ұжым алдында беделі зор, жауапкершілігі мен талапшылдығы үйлескен үздік әлеуметтік әріптестердің бірі болды.

