Еңбек адамы үшін кәсіподақ!

Еңбек адамы үшін кәсіподақ!

23.12.2025 Off By Администрация сайта

Рудный қаласында әлеуметтік әріптестік жөніндегі қалалық үшжақты комиссия жұмысы аясында қала кәсіпорындары мен ұйымдарының басшыларымен аумақтық кәсіподақ бірлестігінің өкілдері арасында кездесу өтті.

Кездесуге Қостанай облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Аронова Ирина Петровна, «Қызмет» салалық кәсіподағы Қостанай облыстық филиалының төрайымы Донбаева Гүлнара Далибаевна, қала әкімі Ионенко Виктор Николаевич, мемлекеттік мекемелердің, ведомстволық бағынысты ұйымдар мен қала кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

«Қызмет» салалық кәсіподағы Қостанай облыстық филиалының төрайымы Донбаева Гүлнара Далибаевна мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің «Қызмет» салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының қызметі туралы баяндады. Ол кәсіподақ қызметінің еңбек адамдарының еңбек құқықтарын қорғауға, жұмыс берушілер алдында олардың мүдделерін танытуға, ұжымдық шарттар арқылы шешімдер қабылдауға қатысуға, сондай-ақ еңбек ұжымдары мүшелеріне заңгерлік көмек пен әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті.

Облыстық филиалдың бейнепрезентациясында кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелеріне сауықтыру, профилактикалық емдеу және оңалту шараларын ұйымдастыру арқылы еңбек адамдарының денсаулығын нығайту саласындағы жетістіктері көрнекі түрде көрсетілді. Сонымен қатар өткізілген іс-шаралар, қайырымдылық акциялары туралы ақпарат беріліп, өңірде кәсіподақ қозғалысын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.

Баяндамашы кәсіподақ белсенділерін әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған оқыту жұмыстарын ұйымдастыру мен өткізудің маңыздылығына жан-жақты тоқталып, кәсіподақтың заң қызметі арқылы еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша көрсетілген көмектің нақты мысалдарын келтірді.

Кездесу барысында «Кәсіподақтық серіктес» жобасының қызметі туралы да айтылды. Бұл жоба кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелеріне мәдениет, спорт, сауықтыру және күнделікті тұтыну тауарларымен қамтамасыз ету салаларында қоғамдық қолжетімді қызметтерді тұрақты негізде ұсынып келеді. Қатысушылар облыс орталығында ғана емес, өңірдің басқа да аудандарында ұсынылатын кәсіподақтық жеңілдіктермен танысты. Кәсіподақ пен жоба серіктестері арасындағы ынтымақтастық өзара тиімді шарттар негізінде жүзеге асырылып, көрсетілетін мәдени, спорттық және қоғамдық қызметтерге 10–30 % мөлшерінде кәсіподақтық жеңілдіктер қарастырылған.

Кәсіподақ өкілдері әрбір қатысушыға кәсіподақтың еңбек адамдары үшін сенімді тірек болуға, әділетті әрі қолайлы еңбек жағдайларын жасауға ұмтылатынын жеткізе білді деп сенеміз. «Қызмет» салалық кәсіподағы Қостанай облыстық филиалының төрайымы Донбаева Г.Д. атап өткендей:

«Еңбек адамы лайықты әрі бақытты өмір сүруге, өзінің қоғамдағы құндылығын сезінуге және ортақ игілікке қосқан үлесі үшін мойындалуға әбден лайық. Кәсіподақ – еңбек адамының сенімді тірегі. Бірге біз күшпіз!»

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жұмысы туралы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Аронова И. П. баяндады. Ол мемлекеттік қызмет саласындағы салалық кәсіподақ өкілдерін қолдап, облыстық филиалдың кәсіподақ қозғалысын дамыту мен нығайтудағы жетістіктерін атап өтті.

Рудный қаласының әкімі Ионенко Виктор Николаевич кездесуге қатысқандары үшін кәсіподақ қозғалысы өкілдеріне алғысын білдіріп, әлеуметтік әріптестік саласында одан әрі ынтымақтастық орнатуға дайын екенін жеткізді.

Диалог алаңы нәтижелі өтті, кездесу оң бағытта ұйымдастырылды. Оның қатысушылары мемлекеттік органдардың кәсіподақ және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылын нығайтуда кәсіподақ қозғалысының маңыздылығы туралы ортақ пікірге келді.