ҚР ІІМ Орталық госпиталінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты іс-шара өтті
15.12.2025«Қызмет» салалық кәсіподағының елордалық филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов пен филиал төрағасының орынбасары Әлима Бекназарова Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған ҚР ІІМ «Орталық госпиталь емханасымен» ММ бастауыш кәсіподақ ұйымының салтанатты іс-шарасына қатысты.
Мерекелік жиын барысында Желтоқсан оқиғасының қаһармандарына арналған бейнеролик көрсетіліп, олардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етілді.

Салтанатты іс-шараны ашқан ҚР ІІМ «Орталық госпиталь емханасымен» ММ басшысы Аманжол Байменов қатысушыларды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, тәуелсіздік – ел мен халықтың ең басты құндылығы екенін атап өтті. Сонымен қатар, баршаға зор денсаулық, бақ-береке, молшылық, бірлік пен елімізге тыныш әрі бейбіт аспан тіледі.

Сондай-ақ, салтанатты жиында «Қызмет» салалық кәсіподағының елордалық филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ мүшелеріне арнаған тілегінде:
«Тәуелсіздік күні – халқымыздың еркіндігі мен бірлігінің символына айналған, еліміздің тұрақты дамуы мен алға басуының берік негізі болып табылатын мемлекеттік мереке. Әрқайсымыздың адал еңбегіміздің арқасында сүйікті Отанымыз – Қазақстан одан әрі көркейіп, нығая берсін! Осы мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, бейбітшілік пен келісім, мол ырыс-береке және ертеңгі күнге деген сенім тілеймін», – деп атап өтті.

Сонымен қатар, Атақозы Нұрланов әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан елеулі үлесі, жемісті еңбегі және елдегі кәсіподақ қозғалысын қолдағаны үшін Аманжол Байменовке және бастауыш кәсіподақ ұйымының барлық мүшелеріне шынайы алғысын білдірді.
Іс-шара барысында бірқатар қызметкерлерге мекеме басшылығы мен кәсіподақ ұйымы тарапынан медальдар, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты жиынның қорытындысында «Қызмет» салалық кәсіподағының Астана қаласы бойынша елордалық филиалы Атқару комитетінің атынан Қазақстан Республикасының санаторийлеріне 20 пайыздық жеңілдік беретін сертификаттар, сондай-ақ «Magnum» сауда желісінің сыйлық сертификаттары табысталды.






