🔰Еңбек адамы – Мемлекеттік қызметші Оспанов Әзімхан Айтжанұлы
03.12.2025Түркістан облысы Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына мінсіз еңбек етіп, халықпен тікелей жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметкерлер аз емес. Солардың қатарында абыройлы қызметімен жұртшылықтың құрметіне бөленген азамат – Киелітас ауылдық округінің құрылымдық бөлімше басшысы, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының белсенді мүшесі Әзімхан Айтжанұлы Оспанов
1966 жылдың 26 тамызында дүниеге келген Әзімхан Айтжанұлы мемлекеттік қызмет саласында 31 жылдан астам уақыт үздіксіз еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол өз ісіне тиянақтылығы, жауапкершілігі және әділ шешім қабылдай білетін тәжірибелі маман ретінде қалыптасты. Халықпен жұмыс барысында әрбір тұрғынның мәселесіне ерекше көңіл бөліп, ел мүддесін бірінші орынға қоюды басты қағидасына айналдырған. Әріптестері оның еңбекқорлығын, тапсырманы дер кезінде әрі сапалы орындау қабілетін жоғары бағалайды. Ал ауыл тұрғындары Әзімхан Айтжанұлын ашық мінезді, байсалды, сөзінде тұратын азамат ретінде жақсы таниды.
«Халыққа қызмет – абыройлы іс» деген қағиданы өмірінің темірқазығы еткен Әзімхан Айтжанұлы үшін мемлекеттік қызмет – бұл жай ғана жұмыс емес, қоғамдық жауапкершілік, – дейді әріптестері. Оның пікірінше, тиімді қызмет ету үшін кәсіби біліктілікпен қатар, адами қасиеттер де ерекше маңызға ие. Сондықтан ол әрдайым қарапайымдылықты, сабырлықты және әділдікті өзіне серік етіп келеді.
Бүгінде Әзімхан Оспанов өңірдегі еңбекқор, елге үлгі азаматтардың бірі ретінде танылып отыр. Оның ұзақ жылдық еңбегі – мемлекеттік қызметтің мәнін түсінген, халыққа қызмет етуді абырой деп білген адамның жарқын бейнесі.

