Ішкі мемлекеттік аудит департаментінде Қаржы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті
14.11.2025Қаржы саласы қызметкерлері күні мен Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күніне орай «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов Астана қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бастауыш кәсіподақ ұйымы өткізген салтанатты іс-шараға қатысты.

Шара барысында Департамент басшысы Мұрат Оразбай құттықтау сөз сөйледі. Ол қаржы саласы мамандарының мемлекеттің тұрақты дамуы үшін атқаратын маңызды рөлін атап өтіп, қызметтік міндеттерді жауапкершілікпен және сапалы орындаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол ұжымға кәсіби шеберлігі мен адал еңбегі үшін алғыс білдіріп, бірқатар қызметкерлерге көп жылғы еңбегі үшін марапаттар табыстады.

Құттықтау сөзін Мирболат Жақыпов та арнады. Ол 15 қараша еліміз үшін тарихи маңызды күн екенін, дәл осы күні ұлттық валюта — теңге енгізіліп, Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту жолында маңызды қадам жасалғанын атап өтті.

«Қаржы саласы қызметкерлерінің еңбегі — мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі тірегі. Бюджеттік, салықтық, қаржылық және валюталық саясаттың маңызды бағыттарын іске асыра отырып, сіздер еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының артуына зор үлес қосып келесіздер. Сізге, Мұрат Асқарұлы, және ұжымыңызға кәсіби борышқа адалдығыңыз бен кәсіподақ жұмысына белсенді қатысқандарыңыз үшін ерекше алғыс білдіремін», — деді салалық кәсіподақтың төрағасы.
Мирболат Жақыпов сондай-ақ теңгенің енгізілуіне қатысты тарихи сәттерді еске салып, қатысушыларға табыс, амандық, денсаулық және бақ-береке тіледі.
Шара барысында кәсіподақтың белсенді мүшелеріне көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және қоғамдық жұмысқа белсенді қатысқаны үшін марапаттар табысталды. Сонымен қатар қалалық филиал атынан кәсіподақ мүшелеріне «Magnum» желісінің сыйлық сертификаттары ұсынылды.

Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.









