Мейірім мен кәсібилік мекені: Алматыда жаңа әлеуметтік орталық жұмысын бастады
31.10.20252025 жылғы 29 қазанда Алматы қаласында жаңа «Ерте араласу әлеуметтік қызметтер орталығының» салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара Республика күні мерекесіне орай ұйымдастырылып, қаланың әлеуметтік қолдау жүйесіндегі маңызды оқиғаға айналды.
Салтанатты ашылуға Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы М.Отыншиев, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасның басшысы Б.Жаубасов, «Қызмет» салалық кәсіподағының Алматы қалалық филиалының басшысы Д.Айнақұлова қатысты.
Орталық басшысына жылы лебізін білдіре отырып, Данагүл Айнақұлова орталықтың ашылуы еліміздегі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты – отбасы мен балаға дер кезінде көмек көрсету ісін дамытуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.
«Мұндай орталықтардың ашылуы – мемлекетіміздің болашақ ұрпаққа деген қамқорлығының айқын көрінісі. Бұл жерде балалар мен олардың ата-аналарына кәсіби мамандар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бұл – үміт пен мейірімнің, кәсібилік пен қамқорлықтың ордасы», — деді Данагүл Айнақұлова.

Іс-шара барысында қатысушылар орталықтың қызметімен танысып, жұмыс жағдайын көрді. Мекеме құрамында логопед, дефектолог, психолог, педиатр және әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Орталықтың басты мақсаты – 0-3 жас аралығындағы дамуы кешеуілдеу қаупі бар балаларға және олардың отбасыларына уақтылы көмек көрсету.
«Қызмет» салалық кәсіподағы әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалай отырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен сала мамандарының мәртебесін арттыру бағытындағы бастамаларды әрдайым қолдайды.

