Әлеуметтік қызметкерлерге көрсетілген құрмет – рухани қолдау мен шынайы ризашылықтың көрінісі

Әлеуметтік қызметкерлерге көрсетілген құрмет – рухани қолдау мен шынайы ризашылықтың көрінісі

24.10.2025 Off By Администрация сайта

Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін мерекемен кұттықтауды жалғастыра отырып, Алматы қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағы филиалының төрайымы Данагүл Айнақұлова «Парасат» әлеуметтік қызметтер орталығының ұжымымен кездесті.

Мұндай кездесулер жақсы дәстүрге айналған. Дегенмен әрбір кездесу ерекше мағынаға ие – себебі бұл жерде адамға мейірім мен қамқорлық таныту тек қызмет емес, өмірлік ұстанымға айналған жандар еңбек етеді.

Кездесу барысында Данагүл Айнақұлова әлеуметтік сала қызметкерлері үшін моральдық қолдау мен еңбегін мойындаудың маңыздылығын атап өтті.

«Кейде қарапайым алғыс сөзі де үлкен демеу бола алады. Осындай жылы жүздесулер адамдарға өз еңбегінің бағаланатынын сезіндіреді және жаңа серпін береді», — деді ол өз сөзінде.

Шара аясында орталықтың белсенді қызметкерлеріне «Қызмет» кәсіподағының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Ұжым мүшелері кәсіподақ ұйымына әрдайым назар аударып, әлеуметтік сала қызметкерлерінің мүдделерін қорғаудағы және рухани қолдау көрсетудегі еңбегі үшін алғыстарын білдірді.

Іс-шара шынайы ризашылық пен өзара құрмет рухында өтіп, жылы әсер қалдырды.

Анықтама үшін: «Парасат» әлеуметтік қызметтер орталығының негізгі мақсаты – арнайы әлеуметтік қызметтерді үй жағдайында және жартылай стационар жағдайында сапалы әрі тиімді ұсыну, қызмет алушылардың жеке дамуын ескере отырып, олардың әлеуметтенуіне, тұрмыстық бейімделуіне, оңалтуына және қоғамға кірігуіне жағдай жасау болып табылады.