Қазақстан кәсіподақтарының өкілдері «Жұмыс орнында зорлық-зомбылық пен қысым көрсетудің алдын алу» тақырыбындағы оқыту семинарына қатысты
25.09.202522–24 қыркүйек күндері Астана қаласында Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұйымдастыруымен «Жұмыс орнында зорлық-зомбылық пен қысым көрсетудің алдын алу» тақырыбында үш күндік оқыту семинары өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының, салалық кәсіподақтардың, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің өкілдері қатысты.
Аталған семинарға Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Қызмет» атынан Кәсіподақ төрағасының кеңесшісі Алима Бекназарова қатысты.

Семинар барысында қатысушылар ХЕҰ сарапшыларымен бірге жұмыс орнындағы дискриминация, зорлық-зомбылық және қысым көрсету ұғымдарын талқылады. Бұл құбылыстардың жұмыскерлерге, жұмыс берушілерге және жалпы қоғамға әсері, сондай-ақ олардың алдын алу мен жою жолдары кеңінен қарастырылды.

Тренинг практикалық кейстерге негізделіп өткізілді. Бұл қатысушыларға құқықбұзушылықтарды анықтау, тиімді алдын алу саясатын енгізу және зардап шеккен жұмыскерлерге қолдау көрсету бойынша нақты тәжірибелік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берді.

Семинар аясында ХЕҰ-ның №190 Конвенциясы жеке бөлім ретінде қарастырылды. Бұл құжат алғаш рет әр адамның зорлық-зомбылық пен қысым көрсетусіз еңбек ету құқығын халықаралық деңгейде бекітеді. Аталған Конвенцияны ұлттық заңнамаға енгізуді өз бағдарламалық құжаттарында басты міндеттердің бірі ретінде айқындаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы үшін халықаралық тәжірибені зерделеу аса маңызды.


Іс-шара тәжірибе алмасуға, серіктестік байланыстарды нығайтуға және қауіпсіз де лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдарды айқындауға арналған маңызды алаңға айналды. Семинар қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.


