Алматы қаласы филиалында есеп беру және сайлау конференциясы өтті

Алматы қаласы филиалында есеп беру және сайлау конференциясы өтті

24.02.2025 Off By Администрация сайта

Алматы қаласы «Қызмет» салалық кәсіподақ филиалы 2024 жылғы атқарылған жұмыс қорытындысы және 2025 жылға арналған міндеттері бойынша есептік конференция өткізді.Конференция Алматы қаласының орталығында, Алатаудың етегінде орналасқан республикалық дәрежедегі жоғары класты «Қазақстан» қонақ үйінің «Алтын Емел» залында өтті.
Конференцияның алғашқы сәті ерекше қонақжайлықпен басталды. Қатысушыларды жылы қарсы алып, тіл үйірер тәттілер мен нәзік кофе ұсынылды. Кофенің хош иісі мен тәттілердің дәмі кездесудің алғашқы сәтінде-ақ жайлылық пен ерекше көңіл күй сыйлады. Залдың сәнді интерьері мен жайлы атмосферасы, сондай-ақ ұйымдастырудың жоғары деңгейі конференцияға қатысушыларға кәсіби әрі ыңғайлы ортада өзара пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылауға толық мүмкіндік берді. «Алтын Емел» залының кеңдігі мен әсемдігі, жарықтандыруы мен заманауи техникасы барлық талаптарға сәйкес келіп, қатысушыларға жоғары деңгейдегі жайлылық сыйлады.
Алматы қалалық филиалының есеп беру және сайлау конференциясына Республикалық «Қызмет» «Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету мекемелерінің» қоғамдық бірлестігі салалық кәсіподағының төрағасы Жақыпов Мирболат Хабибұлы мен «Қызмет» салалық кәсіподағы Төрағаның орынбасары, Астана қаласы филиалының төрағасы Нұрланов Атакозы Келденұлы арнайы қатысты. Сонымен қатар  әлеуметтік әріптестік қолдау ретінде Алматы қаласындағы бірқатар мекемелердің басшылары және филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымдарының  27 төрағасы түгел қатысты.


 «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Алматы қаласы бойынша филиалының төрайымы Айнақұлова Данагүл Мұхамедкерімқызы 2020 жылғы ақпаннан 2025 жылғы қаңтар айы бойынша атқарылған жұмыстардың есебін баяндады.

Одан соң «2020 жылдың ақпан айынан 2025 жылдың қаңтар айына дейінгі аралықта бақылау тексеру комиссияның атқарған жұмыстары туралы» баяндамамен бақылау тексеру комиссияның төрағасы Әбілқасымов Өміржан Әбдірахымұлы  таныстырды.


Данагүл Мұхамедкерімқызы филиалда атқарылған Еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған оқыту шаралары, мерейтойлар, кәсіби мерекелер, жаңа жыл, наурыз, киелі жерлерге саяхат, спорттық сайыстар, сауықтыру шаралары  сынды атқарылған шараларды атап өтті. Алматы қаласы филиалы жалпы саны 300-ге  жуық қызметкерге кәсіподақ көмегімен санаториялық ем алуға жағдай жасады. Алатау ауданы әкімі аппараты футболдан командалық жарысқа қатысып, кәсіподақ арқылы командаға біркелкі футболға арналған киімдер топатамасын сатып алды.  «Биылғы 2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама еліміздегі көптеген мамандықтардың еңбегін бағалауға, жұмысшылардың өмір деңгейін жақсартуға және олардың қажеттіліктерін ескеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Кәсіподақ құрамындағы жүргізушілер, тазалықшылар,секілді жұмысшы мамандық иелері – біздің қоғамымыздың тірегі» – деп Данагүл Мұхамедкерімқызы алдағы 2025 жылға арналған жоспарлардыда атап өтті.
Одан кейін сөз алған Алматы қаласы бойынша «Сот сараптамалары институты» БКҰ төрайымыЖанна Жұмашқызы, Медеу ауданы әкімі аппараты кәсіподақ комитетінен Гульнара Тургымбекова, “Парасат” әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы Кабденова Асыл аталған жылдары кәсіподақпен бірлесе отырып жасалған жұмыстардың жемісін айтып, филиал жұмысына оң бағасын берді.

Республикалық «Қызмет» «Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету мекемелерінің» қоғамдық бірлестігі салалық кәсіподағының төрағасы Жақыпов Мирболат Хабибұлы «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Алматы қаласы бойынша филиалы төрағасы туралы сайлауды жүргізіп, төрайымның өмірбаянымен таныстырып өтті. Конференция делегаттары бірауыздан филиал төрайымына Данагүл Мұхамедкерімқызы Айнақұлованы сайлады.


 Жақыпов Мирболат Хабибұлы «Қызмет» салалық кәсіподағының 102 мыңнан астам мүшесі барын және кәсіподақтың республика деңгейінде жоғары беделге ие екенін айтып, алдағы мақсаттарға кеңінен тоқталды,Алматы қаласы филиалының 2020-2024 жылғы атқарылған жұмыстарын жоғары деп  бағалады. Ерекше көзге түскен бастауыш кәсіподақ төрағалары “ Қызмет” кәсіподағының наградаларымен марапаттады.

Конференцияда Астана қаласы филиалының төрағасы Нұрланов Атакозы Келденұлын Алматы қаласы филиалының атқарған жұмыстарына жоғары бағасын беріп, олардың кәсіби деңгейі мен ұйымшылдығына шынайы ризашылығын білдірді.Конференцияның ресми бөлімінің соңында Атакозы Келденұлы сөзін ерекше серпіліс пен мотивациялық ұранмен қорытындылады. Ол қатысушыларды бір сәтте жаңа күшке толтырды: «Кәсіподақ – алға, Қазмет – керемет!» деп ұрандатып, бәріне ұмтылыстың және жетістіктердің негізі — бірлік, өзара құрмет және үздіксіз даму екенін жеткізді.