«Лайықты еңбек- лайықты құрмет» атты салтанатты жиын өтті
11.10.2024Қызылорда қаласында 10 қазан 2024 жылы Қазақстан Кәсіподақтары күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Нәлібаев, салалық кәсіподақтар төрағалары, әлеуметтік әріптестер, кәсіподақ ардагерлері мен кәсіподақ жастары қатысты.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай шарадағы кәсіподақтарды төл мерекелерімен құттықтау сөзінде қоғамдағы кәсіподақтар қозғалысының роліне тоқталып, әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі және еңбек нарығындағы тұрақтылықты сақтауда оларға артылатын міндеттердің артқандығын, мемлекет ұстанған әлеуметтік-саяси бағытпен адам игілігі үшін бірлескен жұмыстарды атқарудағы ортақ жауапкершілікті атап өтті.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев өңірдегі әлеуметтік әріптестердің ынтымақтастығына, кәсіподақ белсенділеріне жұмыскерлердің еңбек жағдайы мен әлеуметтік мүдделерін ілгерілетудегі еселі еңбектеріне ризашылығын білдірді.
Құттықтау сөз алған облыстық кәсіподақтардың ардагері Райкүл Байназарова аймақтағы кәсіподақтар жүйесінің дамуы тарихнамасынан сөз қозғап, еңбек адамының мүддесіне және қоғамға қызмет етудің мәнділігі туралы ізбасарлары мен жастарға тағылымын жеткізді.
Кәсіподақтардың төл мерекелік басқосуында бірқатар кәсіподақ ардагерлері мен белсенділеріне кәсіподақтар жүйесіндегі белсенді еңбектері үшін Қызылорда облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен Салалық кәсіподақтар бірлестіктерінің марапаттары табысталды. Оның ішінде «Қызмет» салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының кәсіподақ белсенділері де марапатталды.
Атап өтсек, облыс әкімінің алғыс хатымен Қызылжарма ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Айкөркем Орынбай, «Қызмет» салалық кәсіподақтың «Кәсіподақ қайраткері» медалімен ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің Сауда статистикасы бөлімінің бас маманы Майра Сералиева, «Мемлекеттік мекемелер кәсіподағының үздігі» төсбелгісімен №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының психолог маманы Айдын Жылқышиева марапатталды.