Кәсіподақ белсенділері әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында болды

Кәсіподақ белсенділері әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында болды

22.04.2024 Off By Администрация сайта

«Қызмет» салалық кәсіподағының белсенділері шырайлы Шымкент қаласының әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында болып, мекеменің директоры Бахтияр Спанов бастаған орталықтың бөлім қызметкерлері ата-бабамыздың әдеп-ғұрыптарымен және салт-дәстүрлерімен таныстырды.

Мекеменің тарихына тоқталсақ, «Мәңгілік ел» идеясы аясында Қазақстанда теңдесі жоқ, толығымен қазақтың әдет-ғұрпы пен салт-дәстүріне арналған бірегей Орталық Шымкент қаласының төрінде 2014 жылдың желтоқсан айында бой көтерген.Орталықтың бір ерекшелігі сол, мұнда қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына арналған жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Яғни, ғасырдан-ғасырға жеткен рухани байлығымыз бен мәдени мұрамызды кеңінен насихаттауға, үңіліп толыққанды зерттеуге жол ашылған. Бұл орталық қазақ елінде жалғыз және ол Шымкентте орналасқан. Бүгінде қазақтың тың дәстүрін терең танып білуге әлемнің түрлі елдерінен туристер келуде. Өздеріңіз білетіндей қазақ халқы – салт-дәстүрге өте бай ел. Бұл – оның мәдениетті әрі тәрбиелі ел екендігінің айғағы. Әр ұлт өзіндік болмысымен, тарихымен үндескен ұлттық құндылықтарымен ерекше.Қаламыздың мақтанышы, дәстүріміздің айнасы Салт-дәстүр орталығына әлемнің әр елінен шет ел азаматтары жиі ат басын бұрады. Мақсаты сол, еліміздің мәдени өміріне қызығушылықтарын білдіріп, қазақтың көне мәдениеті мен ұлттық құндылықтарымен танысуы жиі орын алуда.

Ия, келген кәсіподақ белсенділеріне орталықтың экскурсия мамандары «Ұлттық салт-дәстүр», «Қол өнер» залдарын аралатып, халқымыздың қасиетті де киелі саналатын киіз үй жабдықтарын, түрлі жәдігерлер, бесік, сандық, саз аспаптары мен тұрмыстық және қолөнер бұйымдарын көрсетіп, келген қонақтар пісірілген бауырсақ пен наурыз көжеден дәм татты.Елімізде ең алғаш болып 2014 жылы ашылған орталықта қала қонақтары мен тұрғындарына әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығындағы кеңес залында салт-жоралғылар таныстырылады. Сондай-ақ, мұнда салт-дәстүрге арналған екі көрме залы бар. Орталық ғимараты өз ішінде Достық және Салт-дәстүр деген екі үлкен мазмұнды залға бөлінген. Ал қалған бөлмелер зерттеу сыныптары.Сонымен қатар, орталықта 20 мәдени-ұлттық орталықтың ғұрпынан сыр шертер жәдігерлермен де жасақталып, ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді.Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қызметкерлерінің тілмен айтқанда:«Орталыққа кіре берісте бірден көзге түсетіні – жеті қазына мүсіні.Жалпы, атам қазақ жеті санын қастер тұтқан. Жеті қарақшыға қарап жолын тапса, жеті атасын танып, тарихын білген деген сөз бар. Соның ішінде, жеті қазынаның жігіттің өмірімен тікелей байланысы бар. Жүйрік аты – қанаты, қыран бүркіт – қуаты, құмай тазысы – абыройын асырар сенімді серігі, берен мылтығы – қаһарлы оты, қақпаны – серті, ауы – әдіс-айласы, кездігі – сұсы. Астында 4 түліктің бейнесін көруге болады. Қазақ бай болған, төрт түлікке сай болған. Түліктің төресі – түйе. Жылқы мінездес деп жатады әдетте. Сол жылқыны жанындай сүйген елміз. Жылқы, сиыр, қой қошқар, түйе. Әр қайсының киесі, иесі, атасы бар. Түйенің атасы – ойсыл қара, жылқының атасы – қамбар баба, сиырдың атасы – зеңгі баба, қой қошқардың атасы – шопан ата.«Ұлттық салт-дәстүр» залы.Орталықтың ұлттық салт-дәстүр залында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, көшпелі өмір салтын, табиғатпен үйлесімдігін, жалпы дүниетанымын бейнелейтін жағдай жасалған. Залда орны-орнымен, бүк-бүгімен, жік-жігімен ұқыпты етіп жайғастырылып қана қоймай, әдемі безендірілген әрбір зат көздің жауын алады. Қазақтың бай мәдени мұрасынан сусындап, ләззат алып шығасың. Пайдаланған әрбір тұрмыстық бұйым, қару-жарақ, ыдыс-аяқ, төсек-орынға қатысты ұсақ-түйекке дейін ескерілген. Мұндағы әрбір тұрмыстық зат белгілі заңдылық пен тәртіппен орналасуы ұлтымыздың ой-өрісін, таным-түсінігін байқауға мүмкіндік береді. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі халықтың тұрмыс-тіршілігінде пайдаланған этнографиялық, қолөнер бұйымдарының толық үлгілері осы жерде жинақталған.Киіз үйдің төрі қасиетті орын саналған. Қазақ халқы ежелден қонақжай болғанын ескерсек, әрбір қонақты сыйлап, төріне шығарған. Ал, керісінше, жас келін ешқашан емін-еркінсіп, төрге шықпаған.Киіз үйге кіре берістегі оң босаға әркез киелі саналған. Қыз бала он екіге толғанда шаңырақтың оң босағасынан өзіне тиесілі орын бөлнііп, киім ешегін, көрпе төсегі мен жатын орнын шымылдықпен көлегейлеп бөлек тәрбиелене бастаған. Осындағы шымылдықтың ішіндегі қыздың төсегі «көсеге» деп аталады. Қазақ бабам тілек-бата айтқанда «көсегесі көгерсін» деп осыған байланысты айтатын болған. Қыз бой жетіп, ұзатылатын шағында көсегесі жасауымен қоса алып кетілетін болған. Қыз баланы жастайынан оң босағада ұстауының өзінде терең философилық, тәрбиелік мән жатыр.Қызды жатжұрттық деп санаған халық дәстүрі қызды үлкен өмір жолына қадам басуына ерте кезден әзірлеген. Жаңа келін түскенде де оны киіз үйдің оң жағымен жағалатып жүргізуі сол себептен екен. Оған қоса сол үйдің иесі қаза болғанда да киіз үйдің оң жағына мәйітін қойып түнетуі сол қасиеттің мәнін аша түсккендей.«Әшекейі жоқ әйел жапырағы жоқ ағашпен тең» демекші, қыз-келіншектер, апа-әжелеріміз ұлттық нақышта безендірілген әшекей бұйымдарды жарқыратып, шашбауларын сылдырлатып, жүзік сақиналарын қолдарына бар сән-салтанатымен тағып алатын болған. Солардың ішіндегі ең көрнекті де қымбаттысы болып ұзатылған қыз киетін аса қымбат, бағалы, кәделі бас киім саналатын саукеле.Сәукеле қымбат маталармен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу-маржан, меруерт, лағыл секіді асыл тастардан жасалған моншақтар төңкерілген. Біле білгенге ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелеге қарап қарап бағаланған.XIX ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүздің Сапақ байы құда түскенде Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: «Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсін» – деген екен. Сөйтсе, Кенесарының ағасы Саржан төре тұрып: «Бұл сәукеленің бағасы бес жүз байтал, сондықтан қызының малы бес жүз жылқы болсын»- деп кескен екен деседі. Бұған қоса, дәстүр бойынша сәукелені тек ұзатылатын қыз бала киген, оны айырбастамаған, басқаға киюге рұқсат берілмеген. Осының өзінен-ақ халықтың қаншалықты салт-дәстүрге, наным-сенімдерге аса үлкен көңіл бөлетінін оңай аңғаруға болады. Киіз үйдің оң жағы үй иесінің отыратын және жататын орны болған екен. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар орналасып, оны шимен жауып қоятын болған.Қазақ халқы ыдыс-аяқтарды ағаштан, теріден, қыштан мол жасаған.Мысалы, астау, ожау, қымыз, шұбат пісіп, май шайқайтын күбі, жылқының, өгіздің мойын терісінен жасалатын, қымыз құюға арналған сусын құйылатын түрлі торсықтар тағы бар.Тары, бидайды түйетін елі-келсап, тамақ және ыдыс-аяқ сақтайтын үй жиһазы, кебеженің түрі асадал да бар. Бұлардың барлығы киіз үйдің оң жағында орналасқан.Ал, киіз үйдің сол жағы балаларға берілген. Оның өзінде босаға жаққа қарай ер-тұрмандар, киімдер ілінген.Киім демекші, қазақ ұғымында Адалбақан деген киелі зат бар. Ол бірнеше қызмет атқарған. Бірінші, киелі шаңырақты көтеретін құрал ретінде. Екіншіден, киім ілгіш ретінде. Ал, дәстүр бойынша жігіт қызға ұрын келген кезде бақан өзінің дәстүрлік мәнін атқарған. Оң босағада отқан қызға жігіт ұрын келген кезде қыздың жеңгелері адалбақанды жігіттің аяқ астына тастаған. Жігіт болса, адалбақан киелі болғандықтан, оны аттап өте алмаған екен.Ер қаруы – бес қару дейді. Оған соғыс кезінде кесу, шабу, түйреу, соғу, ату арқылы жауын жарақаттап, өзіндік қолдану әдісі бар қылыш, айбалта, найза, шоқпар, жақ (садақ) сынды қарулар жатқызылған. Тағы бір ерекше көңіл бөлетін жабдық – түр-түрге бөлінетін ер-тоқым. Тұрмыста қолдану мүмкіндігіне, жасаған материалына, әшекейлеп безендіруіне, кескін-келбеті, яғни пошымына орай үлкен ер, жігіт ер, әйел ер, бала ер, қайың ер, қарағай ер, құрама ер, темір ер, алтын ер, күміс ер, оюлы ер, құранды ер, қапталды ер, жайпақ ер, биік ер, сауырлы ер, қоқан ер, орыс ер болып жіктеліп кете береді. Осы ердің қаңқасына тоқым, желдік, тебінгі, айыл, құйысқан, өмілдірік, қанжыға, үзеңгі, таралғы немесе үзеңгі бау, жүген, шылбыр, тізгін қосылып, олар ат әбзелдері деп аталады.Киіз үйге ерекше сән беру мақсатында шашақты желбаулар ілініп, тағылады. Ол екі түрлі мағына береді. Алғашқысы – сән, екіншіден киіз үй құрылысының беріктігі қамтамасыз етілген. Әр түстің мән мағынасын ашуда олардың дүниетанымының қаншалықты кең болғандығын аңғару қиын емес. Сондай-ақ, басқұрдағы ою өрнек шексіздік белгісі – жер мен көкті жалғап тұрған ақжол іспеттес» – дейді.