Мемлекеттік қызметшілер арасында  «Жылдың үздік оқырманы» байқауы өтті

Мемлекеттік қызметшілер арасында «Жылдың үздік оқырманы» байқауы өтті

01.12.2023 Off By Администрация сайта

Кітап – рухани сарқылмас қазына. Сол қазына есігін ашып кітапты көп оқитын адам белгілі бір мәселе төңірегінде тез шешім қабылдап, есте сақтау деңгейі мен шығармашылық қабілеті жоғары, сөздік қоры бай, ойын еркін де ашық жеткізе алатындығымен ерекшеленеді. Және қоғамдағы орны салмақты, жолы сара болары анық.

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік қызметкерлерді кітап оқуға ынталандыру, үздік отандық және әлемдік әдебиеттерді насихаттау мақсатында 30  қараша күні Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы және «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының бірлесуімен «Жылдың үздік оқырманы» атты облыстық байқауы болып өтті. Байқауға қатысушылар поэзия, проза жанрлары бойынша екі кезеңнен тұратын сайысқа түсті.

Байқауға «Әлімсақ» журналының бас редакторы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Н.Көбегенұлы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысының орынбасары М.Бибітова, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төраға орынбасары К.Махамбетов, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі Қ.Досмағанбетова қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесін Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Г.Махан жеңіп алды. Бірінші орынды Жалағаш ауданының мәдениет және спорт бөлімі секторының меңгерушісі Б.Дүйсенбиева, екінші орынды Қармақшы ауданы, Төретам кенті әкімі аппаратының жетекші маманы Р.Каракеева, үшінші орынды Сырдария аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Л.Смағұлова иеленді.

Байқаудың «Көркем сөз оқу шебері» номинациясымен Шиелі ауданы Жиделіарық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Д.Оспанов, «Талғампаз оқырман» номинациясымен Қызылорда қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Е.Абишева, «Ең жас маман» номинациясымен Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы С.Сыздықова және «Шығармашыл оқырман» номинациясымен Қызылорда облысы әкімі аппараты баспасөз қызметінің бас маманы М.Умарова марапатталды.

Байқауға белсене қатысқан өзге де қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.