Отбасым-тірегім
15.09.20232013 жылдан бастап қыркүйек айының екінші жексенбісі тойланып жүрген «Отбасы күні» мерекесіне орай «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалы «Отбасым-тірегім» бейнеролик байқауынөткізді.
Байқауға қатысқан салалық кәсіподақ мүшелері өздерінің отбасы мүшелері, бірге өткізген қызықты сәттері, жеткен жетістіктері туралы 19 бейнеролик ұсынды.

Қызығы мен қиындығы қатар жүретін, кей жағдайда отбасыңа көңіл бөле алмай қалатын мемлекеттік қызметте жүрген тұлғалардың байқауға белсенді қатысуы отбасының қандай жағдайда болмасын алдыңғы қатарда тұратындығын дәлелдеді.
Осылайша көптеген қатысушылар бейнероликке айрықша мән беріп, сапалы материалдар ұсына білген.
Байқау жеңімпаздарын «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының президиум мүшелерінен құралған комиссия анықтады, нәтижесінде Қожатілеуовтер отбасы ұсынған жұмыс үздік деп танылды.

Отағасы Асхат Қожатілеуов Темір аудандық тұрғын үй құрылысы, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөлімінің бас маманы қызметінде. Жұбайы Нұргүл Жанаевамен 3 бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.
Жеңімпаз отбасы облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың қатысуымен өткен арнайы шарада салалық кәсіподақ атынан марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Барлық қатысушылардың отбасыларына құт-береке, денсаулық, бақыт, табыс тілейміз. Керегелеріңіз кең, шаңырақтарыңыз биік, босағаларыңыз берік болсын.

