“Ауған апанындағы ажал-от”

“Ауған апанындағы ажал-от”

15.02.2023 Off By Администрация сайта

Өзіммен өзім.
Ешкімнің менде жоқ ісі,
Жүрегім мынау – қасіреттердің тоғысы.
Ауғанның жері – бұл менің жыртық тағдырым,
Санамда әлі бітпеген сұмдық соғысы.

Көзімде бәрі:
Қан-қасап күннің шындығы,
Тыныштық күнде түсінер дейсің кім мұны!
Ауғанның жері – бұл менің кемтар ғұмырым
Жадымда мәңгі жазылып қалған сұмдығы.

Бүгін әлеуметтік әріптес, Жезқазған қаласының әкімі ауған соғысына қатысқан жерлестерімізге құрмет көрсетті. Ішінде “Қызмет” Салалық кәсіподағының Ұлытау облысы бойынша филиалына қарасты мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын кәсіподақ мүшелері де бар. Қаза болған марқұмдарға құран оқылып, арамызда жүргендерге әуезді әндер арналды. Ал кешке театр ұжымы “Ауған қасіреті” қойылымын көрсетті.

Ия, осыдан 34 жыл бұрын аяқталған қанды қырғын бізден жыл санап алыстағаныменен, оның жүректерге салып кеткен жарасы жазылып кеткен жоқ. Соғыс даласында қаза тапқан 761 боздақ пен хабар-ошарсыз кеткен 21 жауынгердің қасіреті, Ауған соғысынан мүгедек болып оралған азаматтарымыздың, сондай-ақ ауған апанындағы ажал-отқа куә болған батырларымыздың жан жарасын айтып жеткізе алмасымыз анық.
Ауған жеріндегі соғыс өртіне шарпылған солдаттар мен офицерлер ерліктің, өрліктің үлгісін танытты. Әскери қызметке деген адалдықты көрсетті. Аға буынның осы ерлік жолы кейінгі буын өкілдеріне үлгі болмақ. Жас ұрпақ оларды «батыр аға», «қорған аға», «қаһарман аға» деп қадірлейді.
Ерлік өшпейді, уақытпен бірге, ұрпақпен бірге жасай береді!

Азаматтарым атанға жүгін теңдесін,
Жерұйық шаққа жеткізсе екен ел көшін.
Өзімен кетсін Ауғанның азап-қайғысы,
Соғыстың зарын еліме енді бермесін!
Уылжып өскен ұрпағың оны көрмесін!