Еңбек адамы лайықты өмір сүруі керек!
25.01.2022Мұхтарита САҒЫНДЫҚОВА,
«Қызмет» салалық кәсіподағы
Ақтөбе облыстық филиалы төрайымы:
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында қоғам күткен жаңашылдықтарды баса айтып, көпшілік көңіліне сенім ұялатты. Президенттің халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа бастамаларын біз, кәсіподақ өкілдері де бірауыздан құптаймыз.
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясы «Бірлік.Әділеттілік.Даму» қағидасын берік ұстанған еліміздегі ірі қоғамдық институттың бірегейі ретінде әрдайым өз даму стратегияларында қарапайым еңбек адамының әлеуетін арттыруға, құқықтарын қорғауға белсенді атсалысып келеді. Осы орайда Президенттің жаңа Әлеуметтік кодекс дайындау жөніндегі ұсынысын кәсіподақтар халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған маңызды құжат ретінде зор сеніммен қабылдады.
7 қаңтар күні ҚРКәсподақтар федерациясы елдегі жағдайға байланысты Мемлекет басшысына Үндеу жолдап, Қазақстан халқының әл-ауқатын көтеру үшін еңбекақы төлеу жүйесін, еңбек және кәсіподақ заңдылықтарын жетілдіру арқылы еңбек етудің лайықты шарттарын, жұмыс орындарын сақтау және жаңа орындарды ашуды қамтамасыз ету, еңбек заңдылықтарын сақтауда мемлекеттік және қоғамдық бақылауды күшейту туралы ұсыныстарын жеткізген болатын. Осы ұсыныстарымыздың жаңа Әлеуметтік кодексте шынайы көрініс табатынына сенімдіміз.
Осы жылды елдегі Кәсіподақтар федерациясы «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялаған еді. Басты мақсат – қоғамда әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасында әлеуметтік диалог орнату арқылы еңбек адамының лайықты өмір сүру сапасын жақсарту. Біздің күшіміз – бірлікте!