Кәсіподақтардың басты міндеті – қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын жақсарту
02.02.2022«Қызмет» салалық кәсіподағының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының төрағасы А.Қ. Нұрланов Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіподақ орталығының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.



Іс-шара ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің, үйлестіру кеңесінің мүшелері, салалық кәсіподақтардың аумақтық құрылымдары өкілдерінің қатысуымен өтті.
Кеңейтілген отырыс барысында Үйлестіру кеңесінің мүшелері Нұр-Сұлтан қаласындағы Кәсіподақ орталығы қызметінің басты нәтижелерін талқылап, ағымдағы жылға арналған міндеттерді белгіледі.

Елордалық Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Қүнәділов жиналғандарды Нұр-Сұлтан қаласындағы Кәсіподақ орталығының 2021 жылға атқарған қызметі туралы хабардар етті. Қазіргі таңда қала кәсіпорындары мен ұйымдарында 105 355 мүшенің мүддесін қорғайтын 530 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында 22 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды, олардың құрамына 1 мыңнан астам адам кірді. Төлеген Қүнәділов әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның қызметіне де тоқталып, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауы, жалақы бойынша берешекті өтеуі, еңбек ұжымдарындағы тәуекелдерді бақылау және т.б. талдау мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Отырыс барысында Үйлестіру кеңесінің мүшелері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары баяндамалар жасап, ұсыныстарын айтты.
Негізінен баяндамашылар әлеуметтік әріптестікті нығайту, жалақыны көтеру, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғауға қатысты түйткілді мәселелерді көтерді.

Атакозы Нұрланов бюджет саласы қызметкерлерінің проблемалық мәселелерін қозғады. Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен медициналық-әлеуметтік мекемелер қызметкерлерінің құқықтарын кемсітетін заңнамадағы олқылықтарды жою мәселесіне ерекше назар аударды. Атакозы Нұрланов қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердегі құқықтық қайшылықтарға – «мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы»Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы №77 қаулысына назар аудару қажет екенін атап өтті. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсететін әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері аттестаттаудан өтеді, мұғалімдер сияқты санат алады, қажетті құжаттаманы жүргізеді, күнтізбелік және перспективалық жоспарлар бойынша жұмыс істейді. Штаттық кестеге сәйкес олар дефектолог-мұғалімдер, логопед-мұғалімдер және т. б. Демек, жоғарыда аталған қаулының нормалары қалалар мен облыстардың Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармаларының ведомстволық бағынысты мекемелері болып табылатын әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары мен медициналық-әлеуметтік мекемелердің осындай қызметкерлеріне де қолданылуға тиіс. Алайда, еңбекақының жоғары мөлшеріне және оларды беру ережелеріне, жыл сайынғы қосымша ақылы еңбек демалысына және жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына құқығы бар лауазымдар мен кәсіптер тізбесіне әдіскерлер, логопедтер, психологтар, дефектологтар, дене шынықтыру, музыка, еңбекке оқыту мұғалімдері, бақылау жөніндегі санитарлар және т. б. кірмеген.
Заңнамадағы бұл олқылықтар республика бойынша бұл қызметкерлердің педагог мәртебесінен айырылуына, оларға төмен жалақының берілуіне, толық құқылы қосымша әлеуметтік кепілдіктердің болмауына әкелді.
Елорда кәсіподақтары жұмысының нәтижелерін тыңдаған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин олардың қызметіне оң баға беріп, еңбек адамының мүдделерін ілгерілетуде бірлікке шақырды. Сатыбалды Дәулеталин үйлестіру кеңесі мүшелері мен елорданың бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан келіп түскен барлық ұсыныстар қаралып, жұмыста ескерілетініне сендірді.

Сондай-ақ, ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ең төменгі еңбекақы мөлшерін ұлғайтуға, азық-түлік себетін есептеу әдістемесін қайта қарауға, жалақыны индекстеуге, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы тағайындау тәртібін қайта қарауға, еңбекақы төлеудегі алшақтықты жоюға қатысты бастамалар туралы айтып берді.

